Шыңғырлау ауданы 1928 жылы құрылған. Батыс Қазақстан облысының шығыс бөлігінде орналасып, Ресей Федерациясының, Орынбор облысының, Елек және Тұз-төбе аудандарымен шекаралас.

. Аумағы - 7,2 мың шаршы шақырым. Аудан тұрғындарының саны 2019 жылдың 1 қарашасына 14640 адамды құрайды. Оның ішінде 22 ұлт өкілі тұрады.

Ауданнан бірнеше өзен ағып өтеді, олардың үлкендері Елек, Шыңғырлау, Ащы, Шилі, Сарқырама өзендері жалпы ұзындығы 350 шақырымды құрайды. Елек өзенінің жалпақтығы 10 метрді құрайды.

Сонымен қатар көлдер де бар, олар: Соркөл, Қонақай, Сұлукөл, Шанды. Сондай-ақ республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерінің, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған айрықша экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де құндылықты білдіретін Сарқырама және Аққұм жер қойнаулары бар.

Ауданның орталығы - Шыңғырлау ауылы. Аудан құрамына 8 әкімшілік - аумақтық бөлініс Алмаз, Ақбұлақ, Ащысай, Ақтау, Ардақ, Ақшат, Қарағаш, Шыңғырлау ауылдық округтері кіреді.

1938 жылдан аудандық «Серпін» қоғамдық-саяси газеті шығарылып келеді.

Білім беру ісі бойынша ауданда 1 колледж, 6 орта, 7 негізгі, 3 бастауыш, 1 саз мектебі, балалар шығармашылығы, туризм және экология орталықтары мектеп жасындағы балалармен оқу-тәрбие процесін жүргізеді. Сонымен бірге 8 балабақша, 3 мектеп-балабақшасы, 8 шағын орталық,  психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, мектеп жанында 1 интернат жұмыс жасауда. Бұлардың материалдық-техникалық базасы заман талабына сай нығаюда. «Арай» лагерлері, мектептер жанындағы лагерлер  оқушыларымыздың 100 пайызын тиімді жазғы демалыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы кезде денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер бар. Аудан орталығында ауысымына 150 адамды қабылдайтын көпсалалы емхана тұрғындарға қызмет етуде. Оған қоса, аудан бойынша
1 аурухана, 1 емхана, 1 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 40 төсек орындық стационар жұмыс жасауда. 27 дәрігер, 118 орта буын медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді.

Қайсыбір елді мәдениетіне қарап танитыны мәлім. 8 ауылдық округі бар ауданымызда 16 мәдениет үйі мен клуб, 19 кітапхана, аудан орталығында мәдени-демалыс орталығы рухани байлығымызға қызмет жасауда. Аудандық Ұлт-аспаптар оркестрі, драма үйірмесі, «Еркемай» бишілер ансамблі «Үлгілі» атағын алған. Аудан орталығында тарихи- өлкетану мұражайы және мектептер жанынан ашылған мұражайлар жұмыс жасауда.

Аудан бойынша «Шыңғырлау» спорт клубы, 1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебі бар. Спорт ойын алаңдарының жыл санап саны артуда.

Аудан жері мал шаруашылығы үшін өте қолайлы. Аудан бойынша мүйізді ірі қара саны- 31693, жылқы-6253, қой-ешкі-42430, түйе – 58, құстар - 46485. Шаруалар түлік тұқымын асылдандыруға бет бұруда. Сонымен қатар, ауданда бау-бақша өсіру де кең қанат жайып келеді.