Аудан әкімі А.Т.Есалиевтің

баспасөз маслихатында сөйлейтін

баяндамасының жобасы

Қайырлы күн құрметті баспасөз маслихатына қатысушылар!

 

Шыңғырлау ауданы облысымыздың солтүстік-шығысында орналасқан аудан. Бөкенбай Баһадүр дүниеге келген Шыңғырлау елі, бүгінде Елбасының сарабдал саясатының және облыс басшылығы қолдауының арқасында әлеуеті артып, экономикасы дамып келе жатырған аудандардың бірі. 8 ауылдық округ пен 25 елді-мекеннен тұратын ауданымыз, Ресей Федерациясының 2 ауданымен, Ақтөбе облысымен және облысымыздың Бөрлі, Сырым, Қаратөбе аудандарымен шектесіп жатыр.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру негізінде, біздер өз ауданымыздың даму жоспарын құрып, бағытымызды қайта пысықтадық.

Елде болып жатырған тың өзгерістер мен жаңа бағдарламаларды да аудан өміріне енгізуге тырыстық. Ауданымызда «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес-2020» сияқты бағдарламалар қарқынды жүзеге асырылып, ауданымыздың әл-ауқаты арта түсті.

Рұқсат етсеңіздер Шыңғырлау ауданының 2016 жылғы қаңтар-тамыз айларының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысымен таныстырып өтейін!

1 қыркүйекке аудан халқының саны 15326 адамды, ал аумағы 722989 гектарды құрап отыр.

Кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық саласы дамып келе жатырған ауданның жергілікті бюджетіне 8 айда түскен салықтар мен басқа да төлемдер бойынша жоспар 192 млн 979 мың теңге болса, нақты түсім көлемі 236 млн 949 мың тенгені құрап, жоспар 22,8 пайызға немесе 43 млн. 970 мың теңгеге артық орындалды.

Бұл ретте ауданда шағын және орта бизнес өкілдерінің көбеюі, коммуналдық нысандарды жекешелендіруге беру шаралары аясында салық базасының артуы байқалуда. Мәселен, бүгінгі күнге дейін коммуналдық меншіктегі 7 нысанды сатудан және 3 нысанды жалға беруден аудан бюджетіне 12 млн. 244 мың теңге түсті. Сол секілді иесіз болған ұзындығы 45 шақырымды құрайтын ауыл ішілік газ құбырларының құжаттары дайындалып, «ҚазТранГазАймақ» акционерлік қоғамының теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс нәтижесін тапса, ауданымыздың салық базасын ұлғаюына қомақты үлес қоспақ.

Негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі де артып отыр. Соңғы 8 айда 701 млн. 379 мың теңге немесе 2015 жылдың осы кезең деңгейіне 6% артық түсті.

Аудан дамуының басты бағыты ретінде - ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік салаларын айқындап отырмыз. Жылма-жыл ауданымызда мал басының саны артып, бау-бақша аумақтары кеңейтілуде. Кеңес үкіметінен қалған ескі техникалар жаңартылып, ауылшаруашылық кооперативтері құрылуда. Бұған келесі көрсеткіштер дәлелді.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүйізді ірі қара малының саны 26152 басты немесе былтырғы жылдың осы кезеңіне 1,1% артты, соның ішінде сиыр - 11244 бас, қой мен ешкі - 40275 бас, жылқы - 5486 бас, түйе - 63 бас, шошқа - 94 бас,құс - 44900 басты құрады. Аталған мал бастары бойынша жалпы өсім байқалып, орташа 2%-ға өсіп отыр. Бұл оң нәтижелі көрсеткіштерге «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және басқа да бағдарламалар арқылы жетіп отырмыз.

Биылдың өзінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 бұқа, 189 бас сиыр, «Құлан» бағдарламасы бойынша 65 бие және 5 айғыр сатып алынды. Жылдың соңына дейін 2 шаруа қожалық «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 426 қой басын сатып алғалы отыр. Жыл артқан сайын шаруалар мал санына емес, сондай-ақ сапасына, яғни асылдандыру жұмыстарына да көңіл бөлуде.

Жалпы ауданда Әділбек және Бауырым шаруа қожалықтары қазақтың Ақбас асыл тұқымды мал басын өсірумен айналысып, төлін сатып табыс табуда. «Агрофирма «Жарас» шаруа қожалығы «Көшім» асыл тұқымды 55 бас жылқы мал басын сатып алып, асыл тұқымды жасақтаушы шаруашылық ретінде тіркелу жұмыстарын жүргізуде.

Аудандағы асылдандыру бағытында атқарылған шараларға Үкіметтен 68 млн 204 мың теңге көлемінде субсидия төленіп отыр. Сонымен қатар, ауылдық округтерде 9 ауылдық тұтынушылар кооперативтері құрылды.

Өздеріңіз естіп, көріп отырғандай, қазір тұрғындар ауыл шаруашылығына бет бұрып, жеке қосалқы шаруашылықтарындағы мал санын арттыруда. Дегенмен, мал өнімдерін қабылдап, өндейтін алаңдар ашу жұмысы кенже қалып отыр. Осы бағытта шағын бордақылау алаңдарын құру қажеттілігі бар. Биылғы жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 5 тұрғынымыз бордақылау алаңын ашу жөнінде ниет білдіріп, құжаттары қаралу үстінде.

Жалпы жыл басынан бері 2047 тонна ет, 10603 тонна сүт, 2 млн 270 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Мал шаруашылығы саласымен қатар, егін шаруашылығы да жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Өйткені қардың қалың болуы, күзгі және көктемгі жауын-шашынның мол болуы, табысты өнім алуға септігін тигізді. Шаруалармен 11025 гектар егістік алқапқа 3647 га дәнді, 1196 га майлы, 5992 га мал азықтық және 290 га бау-бақша дақылдары егілді. Егілген 3647 га дәнді-дақылдардан 4360 тонна өнім жиналып, көп жылдан бері еккен еңбектерінің жемісін көре алмаған шаруашылықтар, биылғы еккен егіннен мол өнім жиып отыр. Дақылдардың өнімділігі 1 гектардан 12 центнер, кей жерлерде гектарынан 12,8 центнер өнім алынды. Картоп, көкөніс, бақша дақылдарының өнімділігі гектарына 110-130 центнерді құрайды. Казіргі таңда диқандармен 1366 гектарға күздік бидай мен күздік қара бидай дақылдары егілді.

Сонымен қатар, аудан шаруашылықтарында 2016-2017 жылдарға арналған мал азығын дайындау науқаны барысында 89100 тонна мал азығы дайындалды. Биылғы жылғы қажеттілік 72915 тонна болса, бұл көрсеткіш 16 мың тоннаға асыра орындалды.

Жоғарыда атап өткендей, тозығы жеткен техникаларды жаңарту мақсатында, биылғы жылы ауданның ауылшаруашылық құрылымдарымен жалпы сомасы 55 млн 240 мың теңгеге 15 ауылшаруашылық техникалары мен құралдары сатып алынды.

Ауданда кәсіппен айналысамын деушілерге барынша жағдайлар жасалуда. Кәсібін дөңгелетемін дейтін агроқұрылымдарға егістік, жайылым, шабындық алқаптары еш кедергісіз берілуде. Ал керісінше пайдаланылмай жатырған жерлер мемлекеттің қорына қайтарылуда. Бүгінгі күннің өзінде 27 шаруа қожалық ашылып, оларға жалпы көлемі 20953 гектар, соның ішінде 4937 гектар егістік, 80 гектар шабындық, 15936 гектар жайылым жер учаскелері берілді.

4 агроқұрылымның жалпы көлемі 2694 гектар жер учаскелері мемлекетке қайтарылып, 13 агроқұрылымға жер инспекциясымен ескертулер берілді. 2 ауылдық округттің аумағындағы 62 гектар су көлтабаңдардың құжаттарын сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауданымыздың шаруа қожалықтары Лубен, Жанакүш ауылдарының маңындағы бөгеттерді жалға алып, бау-бақша салып, балық өсіруді қолға алса, Ақсай қаласынан 1 кәсіпкер Белогор ауылдық округінің Шаңды бөгетіне балық өсіру, бақша салу үшін қызығушылық танытуда.

Ауданда мал басы санының артуына байланысты, ветеринариялық қызмет жұмысына талап күшейтілді. Осы бағытта, жаз айларында Самара-Шымкент автотрассасының бойында орналасқан ауылдар маңынан тексеру баръерлері орнатылса, ауылдық жерлерге келген көліктерге дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.

 

Ауданда бруцеллез ауруына қарсы сауықтыру жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып, осы күнге дейін бруцеллезге қарсы серологиялық зерттеуден 19 мың 175 ірі қара және 24 мың 384 ұсақ мүйізді мал бас санынан қан алынып, нәтижесінде аудан бойынша 47 бас мүйізді ірі қара, 36 бас қой мен ешкі малынан бруцеллез ауруының оң нәтижесі анықталып отыр. Анықталған малдар Зеленов ауданы Трекино ауылында орналасқан мал сою пунктіне тапсырылды. Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара малының зақымдануы 0,71 %, ұсақ мүйізді малының зақымдануы 1,11%-ға төмендеді. Қаражаттың тапшылығына байланысты, бруцеллез ауруына оң нәтиже берген мал иелерінің алдында өткен жылдан бері қарыз болған еді. Биылғы жылы облыстық бюджеттен 8 млн 905 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, бережақ толықтай өтелді. Сонымен қатар, аудан көлемінде 8 округтің 3 округі ветеринариялық пунктпен қамтылса, жыл аяғына дейін 3 округіміз осындай пункттермен қамтамасыз етіледі.

 

Кәсіпкерлік саласы

Кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуы, біріншіден, жұмыссыздықтың азаюына, екіншіден, халық сұранысын қанағаттандыруға, үшіншіден, салық базасының артуына септігі мол. Жыл артқан сайын, ауданымызда халыққа қызмет көрсететін шағын және орта бизнес нысандары көбеюде. Өткен жылдың өзінде азық-түлік супермаркетін, ойын-сауық кешенін, шағын кафелерді, дүкендерді іске қоссақ, биылда бұл бағытта жақсы көрсеткіштер бар. Атап айтсақ, аудан орталығында бетондық бұйымдар, керамзит тастар, брусчатка өндіретін «Битимбаева» жеке кәсіпкерлігі өз қызметін бастады. Өндіретін өнімі облыс орталығының бағасымен тең, сұраныс бар. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер аудан орталығында Фармацевтикалық кешен, Бизнес орталық және шағын маркет салуға қызығушылық танытып отыр. Күні кеше аудан орталығында мал сою пунктің, шағын пиццерияны іске қостық. Жыл аяғына дейін балаларға арналған кафені іске қосу ойымызда бар. Дегенмен, жоғарыда атап өткендей аудан халқының сұранысын өтеу үшін, ауылшаруашылық өнімдерін өндеу орындарын ашу басты бағыт болып отыр. Осы жұмыстарға назар аудара отыра, ауданға инвесторларды тарту бойынша жұмыстарды жүргізудеміз. Мысалы, Ақтау және Орал қалаларының жеке кәсіпкерлері келіп, аудан аумағынан жалға жер алып, шаруаларын дөңгелете бастаған болатын. Ендігі кезекте осы кәсіпкерлердің бірі Сегізсай ауылында мал сою пунктің салып, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал алып, бақша салса, екінші кәсіпкеріміз де бау-бақшамен айналасып, мал қораларын салып, болашақта көкөніс сақтайтын қойма мен мал өнімдерін қабылдайтын цехтар ашу бағытында аудан орталығынан ғимарат сатып алып жатыр. Биылғы жылы Ақтөбе және Орал қалаларының жеке кәсіпкерлері келіп, аудан аумағында шаруашылық ашу жөнінде жұмыстарын бастап кетті. Қажетті жерлерін жалға алып, қора салу, мал сатып алу жұмыстарымен айналысуда.

Қазір Үкімет тарапынан кәсібінді өркендету үшін мол мүмкіндіктер берілуде. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданымызда соңғы 3 жылда жалпы сомасы 66,2 млн.теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, 37 жаңа жұмыс орындары құрылса, биылғы жылдың осы уақытына осы бағдарлама аясында 20 млн. теңге несие алынып, 4 жаңа жұмыс орны құрылды. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша ауданымызға 60 млн теңге қаражат бөлініп, 11 тұрғынымыз мал шаруашылығын дамытуға, кафе жұмысын кеңейтуге, дәнекерлеу цехын ашуға несие алып отыр. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін жаңа 23 орның ашу жоспарлануда.

Жалпы бүгінгі күнгі жағдай бойынша ауданда 584 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға көбейсе, осы салада қызмет істейтіндердің саны 949 адамға жетті. Ауданның шағын бизнес субъектілерімен 1 млрд 46 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, қызметтері көрсетілді. Бұл 2015 жылғы қаңтар-қыркүйек деңгейінен 1,4 %-ға көп. Шағын бизнес субъектілерінен түскен салық көлемі 38 млн 94 мың теңгені құрады. 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,8 %-ға артық.

 

Еңбек рыногы

Жергілікті жерде біздің басты мақсатымыз бен міндетіміз бұл - жұмыссыздықты азайту. Елдегі болып жатырған реформалар, Елбасының тапсырмалары осыған айғақ.

Бүгінде аудан бойынша экономиканың барлық салаларында 356 жаңа жұмыс орны құрылып, жыл басынан «Жұмыспен қамту» орталығы арқылы 518 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде тұрақты жұмысқа - 167, уақытша жұмысқа - 26, әлеуметтік жұмыс орындарына - 44, жастар тәжірибесіне - 32 және қоғамдық жұмысқа - 241 адам жолданды.

(Тіркелген жұмыссыздық деңгейі 0,8% құрады.)

(2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыссыздар саны 78 адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен бірдей деңгейде қалып отыр.)

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, ауданымыздың елді-мекендерінде 11 нысанның жөндеу жұмыстары басталды. Жұмыстар барысында уақытша 36 адам, «Жұмыспен қамту» орталығы арқылы 19 адам жұмыспен қамтылады.

Осы бағдарламаның ІІІ бағыты бойынша 23 әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылып, соның ішінде 2 адам жастар арасынан жұмысқа орналастырылды.

2016 жылдың 1 жартыжылдығына орташа айлық еңбекақы 26,9%-ға өсіп 76 мың 111 теңгені құрап отыр.


Денсаулық сақтау саласы

Құрметті баспасөз маслихатына қатысушылар!

Ауданның экономикалық көрсеткіштерімен қатар, әлеуметтік салалар да бірлесе дамып келеді.

Әр адамның денсаулығы, әр сәби мен ананың өмірі біз үшін маңызды. Заманауи технологиялар қарыштап дамыған уақытта, денсаулық, білім, мәдениет салаларының маңызы зор. 286 білікті медицина қызметкерлері қызмет жасайтын ауданның денсаулық саласында 1 дәрігерлік амбулатория, 5 ФАП, 12 медициналық пункт, 1 аудандық аурухана емханасымен қызмет істеуде. Жыл басынан ана өлімін болдырмау, бала өлімін азайту, жүрек-қан тамыр ауруларынан болатын өлімді азайту, онкологиялық ауруларды ерте анықтау және басқа бағыттар бойынша индикаторларға қол жеткіздік. Жыл басынан бері 125 нәресте дүниеге келіп, табиғи өсім 47 адамды құрап отыр. Жылма-жыл ауданның медицина өміріне жаңа технологиялар енгізіліп, автокөліктеріміз жанартылып, нысандарымыз жөнделіп жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен аудан орталығынан шалғай орналасқан 3 ауылдық округіміздің фельдшерлік-акушерлік пунктеріне жаңа УАЗ автокөліктері сатып алынуда.

Аудан халқының көп дені аудан орталығы Шыңғырлау ауылында және Лубен тірек-елді мекенінде шоғырланған. Сондай-ақ, Шыңғырлау-Сегізсай автожолының бойында 5000-ға жуық халық өмір сүрсе, сол ауылдардың көбі Лубен ауылына жақын қашықтықта орналасып отыр. Қыс мезгілінде қыстың қаһарлығы, көктем, күз мезгілдерінде жолдың қолайсыздығы аудан орталығына қатынауды қиындата түсуде. Осы мақсатта халықтың көп шоғырланғандығын ескере отыра, ауданның 2020 жылға дейінгі даму жоспарына Лубен тірек елді мекенінде Селолық дәрігерлік амбулатория (СВА) салуды енгізсек, болашақта ауданның барлық елді-мекендеріндегі денсаулық сақтау нысандарын жөндеуден өткізу жоспарда бар.

 

Білім беру саласы

Аудан бойынша білім беру саласында 52 оқушыға арналған 1 мектеп жанындағы интернатымен 16 жалпы білім беретін мектепте 1957 оқушы білім алуда. Жыл сайын білім беру саласының көрсеткіштері жақсарып келеді. Соңғы оқу жылының қорытындысына үнілсек, оқушылардың білім сапасы 58,1% құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 0,41%-ға өсіп отыр.

2015-2016 оқу жылында аудан бойынша 97 оқушы 11 сыныпты аяқтады. Түлектердің 62-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатынасып, орташа 84,9% ұпай жинады.

Соның ішінде, «Алтын белгі» белгісіне үміткер 6 оқушының төртеуі өз білімдерін растап, 2 оқушымыз «Үздік аттестатқа» ие болды. Нәтижесінде 16 түлегіміз Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының мемлекеттік грант иегерлері атанды.

Егеменді елімізде білім беру саласына үлкен көңіл аударылуда. Білім беру ошақтары жөндеуден өткізіліп, материалдық-техникалық базалары жаңартылып, сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалынуда. Осындай игі істер ауданымызда да іске асуда. Ағымдағы жылы, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында Алмаз орта жалпы білім беретін мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жүргізілуіне қаражат бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды. Жөндеу жұмыстары барысында тұрғылықты жерден 26 адам жұмыспен қамтылды. Оқушылар мен ауыл тұрғындары сәні мен жылуы келіскен мектепке кіріп, үлкен қуанышқа кенелуде. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында білім беру ошақтарының шатыры мен жылу қазандықтарына және жазғы балалар лагеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Осы күнге дейін мектеп жасына дейінгі балаларды бала-бақшаман қамту үлкен мәселе болып келген еді. Бүгінгі таңда, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық Қордан қаражат қарастырылып, Шыңғырлау ауылында 290 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіліп, аяқталды. Бұл нысанның іске қосылуымен, аудандағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз.

 

Мәдениет, спорт саласы

Әр елдің әнұраның шырқатып, туын биікке көтеретін - спортшылар екені мәлім. Еңбекқорлық пен шыдамдылықты қажет ететін спорт саласы, аудан бойынша жақсы көрсеткіштерге ие.

Бүгінгі күнге аудан бойынша әр түрлі бағытта 155 спорттық шара ұйымдастырылып, мәдени өмірінде 571-ден астам іс-шара өткізілді.

Аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында, 19 кітапхана, 16 мәдени-демалыс ұйымы, 1 саябақ, 1 киноқондырғы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту бағытында, аудандық балалармен жасөспірімдер спорт мектебі мен былтырғы жылы ашылған «Шыңғырлау» спорт клубы халық игілігі үшін қызмет істеп келеді. Клуб жанынан ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолға алдық. Аударыспақ, көкпар, теңге ілу секілді ата-бабамыздан мұра болып келе жатырған спорт түрлеріне, жастарымызды тартып отырмыз. Бұл бағытта «Темірлан» жеке ат спорт клубы жұмыс жасауда. Спортшыларымыз облыстық турнирлерге, республикалық сайыстарға қатынасып, жүлдегер атануда.

Өздеріңіз білесіздер, Шыңғырлау ауданында бокс мектебі жақсы қалыптасқан. Сонымен қатар, ауданда гір спорты мен қыздар арасындағы воллейбол ойны жақсы қарқынмен дамып келеді. Шымкент қаласында өткен «Шұбар доп-2016» мектеп лигасында облыс намысын қорғаған Шыңғырлаулық воллейболшы қыздар республика бойынша ІІ орынмен оралды. Аудандық балалармен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қайсар Құсайынов деген азаматымыз ардагерлер арасындағы самбодан әлем чемпионы атанды. Елбасының атап өткен бұқаралық спортпен айналасушыларды 30%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, спортпен шұғылданамын деушілерге аудан орталығында теннис корты мен шағын әмбебап спорт алаңының құрылысы жүргізіліп, аяқталуда.

Әмбебап алаңның ішіне футбол, баскетбол, воллейбол алаңдары енгізіліп, жастарымыздың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Ендігі кезекте осындай әмбебап алаңдарды біртіндеп барлық округтерде салуды жоспарлап отырмыз.

Кітапхана жүйесінде де бірқатар тың жаңалықтарымыз бар. Шілде айында Ащысай, Шоқтыбай ауылдарында модульдік кітапхана өз жұмысын бастады. Осы жүйе арқылы тұрғындардың кітаптар мен мақалалар немесе басқа да туындыларды бірыңғай электрондық кітапхана жүйесінен алуларына мүмкіндіктері туды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсанында, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлсім Қуанаева осы салаға сіңірген еңбегі үшін, «Кітапхана саласының үздігі» медалімен марапатталды.

Ауданымыз тарихқа бай, айтар аңызы мен көрсетер кереметі жеткілікті. Ауданда өлкетану музейі - үнемі аудан тұрғындары тарапынан сұранысқа ие. Бүгінде тарихы терең ауданымыздың көне тарихи жәдігерлерінің көбі қолда жүр. Аудан ақсақалдарының ұсыныстары негізінде, 2 жыл бұрын аудан орталығында музей ашу жөнінде жұмыстар басталған болатын. Сол мақсатта, аудан орталығында көп жылдан бері жөндеу көрмеген, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы теңгерімінде болған ғимаратты өз теңгерімімізге алдық. Болашақта қаражат мәселесі шешілсе, аталған ғимараттың 1 қабатына тарихи-өлкетану музейін ашу ойымызда бар. Қазіргі уақытта, қажетті жобалық-сметалық құжаттары толық дайын.

 

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» БАҒДАРЛАМАСЫ

Денсаулық, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария салалалары ешқашанда назардан тыс қалған емес. Мүмкіндігімізше ауылдық жерлерге жас мамандарымызды тартып, оларды үймен қамту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Соңғы 8 айда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алуға 20 маманға 63 млн. 630 мың теңге қаржы бөлініп, 11 маманға 31 млн. 815 мың теңге бюджеттік несие берілді. Көтерме жәрдемақы алуға 67 маманға 10 млн. 78 мың теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда 10 маманға 1 млн. 484 мың 700 теңге төленіп отыр.

 

Тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, жол, құрылыс салалары, абаттандыру мәселесі

Ауылдың сәні - әр ауладан басталатыны белгілі. 7 кереметімен мақтанатын Шыңғырлау елі, әр жыл сайын көркейіп, жарқырай түсуде. Ол әр тұрғынның жемісті еңбегі. Тұрғындардың белсенділігінің арқасында, көктем мезгілінде сенбіліктер мен экологиялық айлықтар үнемі өткізіліп, 10 түрінен 1000-нан астам тал шіліктері отырғызылды. Күзгі науқан барысында, Шыңғырлау-Ақсай тас жолының бойындағы 5,6 гектар жерге тал егуді жоспарлап отырмыз.

Ауылдарды абаттандыру барысында, тұрғындар бір ауыздан ірі-қара және ұсақ малдарды ауыл сыртына шығару жөнінде шешімге келіп, осының арқасында көшеде иесіз жүрген мал болмай, егілген тал-шіліктеріміз жайқалып өсіп келеді. Аудан орталығындағы әрбір екінші үй аулаларына бау-бақша салып, айналасын көгалдандыруды дәстүрге айналдырып келеді.

Таза ауыз суды үнемдеу, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру, бау-бақша аумағын кеңейту бағытында тартылған техникалық су құбырлары халық үшін тиімді болып отыр. Осы жұмыстарды жалғастыру үшін, биыл 3 көше бойымен ұзындығы 2 шақырымға жақын қосымша техникалық су құбырлары тартылды. Жыл сайын бұл жұмыстар жалғасын таба бермек.

«Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы жөнделген пәтер иелерінен 77 % құраған қайтарылым қаржы көлемі, облыс бойынша алдыңғы қатардағы көрсеткіш екендігін атап өткім келеді. Жоғарыда атап өткен бағдарламаны іске асыру барысында, аудан орталығында орналасқан 2 қабатты 8 пәтерлі бір тұрғын үй апатты болып табылып, жөндеу жүргізу мүмкін болмады. Көптен шешімін таппай келе жатырған осы мәселе бойынша, ағымдағы жылы 8 пәтер иелерінің бесеуіне пәтер сатып алынып, жыл соңына дейін қалған пәтер иелері баспанамен қамтамасыз етіліп, мәселе өз шешімін тапқалы тұр.

Ауданымыздың елді-мекендерін көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған дейін, 14 елді-мекенімізге табиғи газ жеткізіліп, көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 70% құраса, биылғы жылы 5 елді-мекеніміздің әлеуметтік нысандары мен тұрғындарына табиғи газ жеткізіліп, ауданның көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95% құрады. Ендігі кезекте Ақсуат елді-мекенің көгілдір отынға қосу қалды. Бұл жұмыс іске асқан жағдайда, ауданымызда көгілдір отынмен қамтамасыз ету толық 100 пайызға аяқталады. Бүгінгі таңда аталған елді-мекенге газ кіргізу үшін тиісті құжаттар жасақталуда.

Ауылдарға көгілдір отын кіргізумен қатар, елді-мекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесіне де көңіл аударылып, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында Ақсуат, Шоқтыбай, Тасмола елді-мекендерінің су құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан орталығында халық санының өсуіне және басқа да елді-мекендерден тұрғындардың көшуіп келуіне байланысты, тұрғын үй салу үшін жер теліміне сұраныс артып отыр. Осы мәселені шешу үшін, биылғы жылы Ұлттық қордан 71 млн 877 мың теңге қаржы бөлініп, Шыңғырлау ауылының шығыс бөлігінің инфроқұрылымының құрылысы жүргізіліп, 108 учаскеге су, газ, электр желілері өткізілді. Ендігі кезекте Заңға сәйкес, кезекте тұрған тұрғындарымызға тұрғын үй салу үшін, жер телімдері үйлестіріледі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру үшін құжаттамалар жасақталып, тиісті шаралар алынуда.

Жалпы тұрғын үйлердің құрылыс қарқыны жақсы жүзеге асырылуда. Бүгіннің күннің өзінде 1003 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 76,9%-ға көбейіп отыр.

 

Құрметті баспасөзге қатысушылар және теле-көрермендер!

Сіздердің назарларыңызға соңғы 8 айда атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берілді. Өздеріңіз естіп отырғандай, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаныңда бала-бақша салынып, көгілдір отын келіп, әлеуметтік нысандарымыз жөнделіп, маңызды мәселелер өз шешімін тауып жатыр. Халықтың игілігі үшін жасалатын шаралар әрқашанда жалғасын таба бермек.

Болашақта тұрғындарымыздың жағдайларын жақсарту мақсатында, таза ауыз сумен, тұрғын үймен және сапалы жол қатынасымен қамтамасыз ету мәселелері тұр. Шешуді уақыт талап ететін шаруаларды, ауданның 2020 жылға дейінгі даму жоспарына енгіздік. Біртіндеп өздеріңізбен бірге бұл мәселелерді шешетін боламыз.

Баршанызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтай отырып, еліміз үшін атқарар жағымды жаңалықтар толқыны көп болсын демекпін.

Назарларыңызға рахмет.

 

Аудан күні 30 - 1 қыркүйек, қазан