Жұмыс берушінің жұмыскерлермен еңбек шартын жасау кезіндегі міндеттері.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағына сәйкес жұмыс беруші:

  • Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен және жағдайларда жұмыскерлермен еңбек шарттарын жасасуға;
  • жұмыскерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті.

Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.

Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі данада жасалады және оған тараптар қол қояды. Еңбек шартының бір-бір данасы жұмыскер мен жұмыс берушіде сақталады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 23-бабы 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда жұмыскерлермен еңбек шарттарын жасасуға міндетті.

Егер жұмыс беруші Сізді жұмысқа алып, бірақ Сізбен еңбек шартын жасаспаса, осындай еңбегіңіз іс жүзінде заңсыз болып табылады және соның салдарынан төмендегідей проблемалар туындауы мүмкін:

  • жалақының мөлшері тұрақты болмайды, жұмыс берушінің еркіне қарай азаюы мүмкін (еңбек шартында еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттар міндетті түрде қарастырылады);
  • еңбек кітапшаңызға істелген жұмыс кезіндегі жазбалар жүргізілмейді;
  • жұмыс беруші Зейнетақы қорына жарналарды аудармайды, бұл алдағы уақытта зейнетақының мөлшеріне кері әсерін тигізеді;
  • жұмыссыздық жағдайында жұмыстың ресімделмеген кезеңі сақтандыру өтіліне есептелмейді, бұл жұмыссыздық бойынша төленетін көмек мөлшері мен төлеміне әсер етеді;
  • ауырған жағдайда, еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төлем ала алмайсыз;
  • өндірісте жазатайым оқиға болған жағдайда, кәсіптік жарақат алғанда Сіз сақтандыру төлемдерін алу кепілдігін жоғалтасыз;
  • Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар жүргізілмейді;
  • және тағы басқалары.

Сіз жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттерімен келісе отырып, өзіңізді конституциялық қорғалудан автоматты түрде айыратыныңызды түсінуіңіз қажет. Өзіңізді және қарттық шағыңызды қорғаңыз – жұмыс жасап, заңды түрде жалақы алыңыз!

Еңбек шартын жасаспау фактілері орын алған жағдайда, Сіз БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасына (Орал қаласы, Достық-Дружба даңғылы, 188, тел. 50-04-86, 24-23-76, ресми сайт - enbek-bko.gov.kz), мәртебені анықтау және түсіндірме алу мақсатында (ауылдық) округ әкіміне немесе жұмыспен қамту орталығына хабарласуыңыз қажет.

Егерде, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлемдер уақтылы немесе мүлдем жүргізілмеген жағдайда, Сіз аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына.

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда «Еңбек шартын жасаңыз» атты республикалық акция басталғаны туралы жариялады.

Аталмыш акцияның міндеттері:

1) еңбек қатынастарын формализациялау, бейресми еңбек қатыстарында тұрған азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне тарту;

2) халықтың жұмыспен бейресми түрде қамтылу фактілеріне теріс көзқарасын қалыптастыру, жұмыс берушілерге және өзін өзі жұмыспен қамтығандарға бару арқылы жұмыспен бейресми түрде қамту қатерлерін бағалау негізінде профилактикалық бақылау жүргізу жолымен, әкімшілік ден қою және бақылау шараларын күшейту;

3) мемлекеттік органдардың, әлеуметтік әріптестердің қатысуымен медиа құралдары арқылы халық арасында ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу.

Қызметкердің құқықтық сауатсыздығын пайдалана отырып, салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді болдырмау үшін, жұмыс беруші еңбек келсімшартынсыз немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім негізінде жұмысшылардың еңбегін пайдаланады.

Соңғы екі жыл ішінде еңбек инспекторлары еңбек шартын жасамастан, жұмысшылардың қызметін пайдаланып отырған 60 астам кәсіпкердің әрекетін әшкереледі. Олар, негізінде құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығы саласында еңбектенетіндер.

2017 жылы үй-үйді аралау кезінде зейнетақы жарналары мен салық төлемдерінсіз еңбек етіп жүрген 29 мыңға жуық азамат анықталды.