24.10.2016

«Әділет Кабулов әскери самбо күресінен спорт шебері атанды»-деген Қостанай қаласында өткен Қазақстан біріншілігінен жеткен  сүйінші хабарды естіп қатты қуандық. Әділет 100 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанса, Әсет 90 келі салмақ дәрежесінде үшінші орынды иеленіп, үміт етіп шығарып салған жерлестерінің сенімін ақтады.  «Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысады»-деген бар. Жарысқа кеткенін естіп «қайтер екен» деп көңіліміз күпті болып жүргені де жасырын емес еді. Дегенмен, жақсы хабар жетіп, мәртебеміз өсіп қалды.

Әділет-Шыңғырлаудың төл тумасы, өз баласы. Әкесі Абайды, анасы Алтынды жақсы білеміз. Әсіресе, Абай Қалауұлымен қызметтес болдық, бірге өстік. Сонау қиыны мен қызығы мол жылдарда Орал қаласында жұпар жұтып, жасыл бақта жай жүрген кездер есімізде. Сол кезде Орал педагогика институтының физика-математика факультетінде оқыған Абай еркін күреспен мықтап айналысты. Ауыр салмақта күресетін ол жақсы нәтижеге қол жеткізіп, облыс, қала чемпионы атанды. Ауылда өскен Абайдың дене бітімі ірі болатын, оның үстіне қайраты да мол еді. Ең бастысы, ауыр салмағына қарамастан қимылы шалт, өте тез еді. Қай әдісті болса да өте жылдам орындап, қарсыласын қапы қалдыратын (көпшілік ауыр салмақтағы балуандарда осы қасиет кемдеу сияқты).

Асыл азаматттың өмірден өткеніне де біраз жылдар болды. «Ат тұяғын тай басар» дегендей енді Әділеті әке жолын абыроймен жалғады. Спорт шебері! «Айды аспанға шығарды» деген осы. Әбекеңнің үлкен ұлдары да спортқа бейім болып өсті. Отбасымен күреске жақын еді. Әділет Оралдан суырылып республика чемпионы атанғанына жерлестері қатты қуануда.

Аудандағы өткен жарыстарда талай рет жеңіс биігінен көрініп жүрген батырымыз Орал қаласындағы Жәңгірхан атындағы ауылшаруашылығы университетінде оқиды. Ерекшелігі сол, Әділеттің сыңары Әсет те белгілі балуан. Абайдың қос ұлы әкесінің атағын көпке танымал етуі үлкен мәртебе.

Абайдың досы, құрдасы Хамит Салауатұлы айтады:  «Жалпы Әбес досымыз балажан еді, балаларын алдына алып отырғанды жақсы көретін. Барлығын да еркелеткенімен, тәрбиесіне қатты көңіл бөлді. Екі кішісін еркелеткенде, сарысын көбірек басынан сипайтын».

 Сарысы-осы чемпион бала Әділет. Қос торының өзгешелігі жоқ деген бар. Бар баласына бақыт тілеп отбасының, әулеттің ұйытқысы болған Абай досымыз бүгінде арамызда жоқ. Десек те, әке рухын биік ұстап жүрген ұлдары оның өмірінің жалғасы.

Әсет пен Әділет туған ағалары Армат Кабуловтың жаттықтыруымен балуандық өнердің әліппесін ашты. Кейін Орал қаласында Қазбек Ибрашев ағасының тәрбиесінде қалыптасты,  тәжірибе молайтты, өсті.

Балуан жігіттердің жымиған жүзінен, тау тұлғасынан әкесінің қасиетін іздегендей боп қарадым. Таптым да. Ол әкесіне тән мақсатшылдық пен жарқын мінез екен.

Әділеттің сүйікті әдісі-арқадан асыра лақтыру болса, Әсеттің жақсы көретіні-жамбас әдісі екен. Ендеше, арқалы балуан болар жігіттердің жамбастары жерге тимесін!

 Ер Махамбет бабамыз:  «Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге иір бұтақ бітсейші, қыранға тұғыр қыларға»,-демеп пе еді?

Елден ерек шыққан қос батырымызға ақ жол тілейік, ағайын?!

Адақ Шотпанов