14.10.2016

 

Тарихы талайдан таралатын өткенімізді екшеп, келешегіміздің кемел боларына сара жол салып, бағыт-бағдар беретін ескерткіштер болса, құлпытастарды соның ажырамас бөлшегі деп қарауымыз заңдылық іспеттес. Құлақтары қалқиған молалы қорымдар ауданымызда баршылық. Бүгінгі күні жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған ондай тарихи орындардың талайын бала кезімізден көріп келеміз. Жерленген адамның мәйіті үстіне қойылатын белгілердің құндысы-құлпытастар. Сайын даламыздың төсінен орын алған олар әр жерден көне тарихтың көзіндей боп елестейді. Ауданда кездесетін құлпытас өзінің типі, дайындалған материалдары бойынша ерекшеленеді. Осы құлпытастарға қарап жерімізді қандай ру-тайпалар мекендегенін еркін анықтауға болады.

Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуіне орай көне ескерткіш құлпытастарды зерттеп, саралап тексеруге, анық-қанығына жетуге жол ашылғаны жасырын емес.

Соңғы жылдарда «Жайық-Пресс» ЖШС (басшысы-Ж.Сафуллин) айтып отырған мәселеміз бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған үн қосып, бірлесе еңбек атқару баршамызға міндет екенін біз жақсы түсінеміз. Осы бағытта ауданымызда да жұмыстанудамыз.

 Біздің жерімізде кездесетін құлпытастар-дың дені облысымыздың басқа жерлерінде кездесетін құлпытастарға ұқсас.

Атақты зерттеуші ғалымымыз Ш.Уәлиханов  молаларды халықтық (топырақ үйнділері) және құрметті адамдар молалары (мазарлар) деп бөліп қарастырған. Әрине, табиғат құбылыстары мазарлар мен кесенелердің бүгінгі күнге дейін сақталуына күрделі зиян келтіргені де даусыз. Алайда кейбір мазар тектес құрылыстардың бүгінге дейін жетуі халқымызды ақылды, әр нәрсені мойындап, ойлап шешетіндігін дәлелдегендей. Лубен мен Қайыңды елді мекенінің ортасына таяу орналасқан Байбол зиратын осыған жатқызуға әбден болады. Жылқының қылы мен сазды біріктіре езіп құйылған, қыштан жасалған зираттың сыры кеткенімен, сыны сол күйінде.

Көп жағдайда бейіт үсті құрылыстарын халқымыз «бейіт», «мәйіт», «мола», «там» деп атайды. Тағы да құлпытас мәселесіне ойыссақ, әдетте, құлпытастарға өмірден өткен жанның аты-тегі, руы, тас қоюшы жөнінде мәлімет қашап жазылады. Бұдан басқа ай, жұлдыз белгісі, Құран сүрелері жазылғандары да кездеседі.

Құлпытастардың үстіңгі жағының дөңес, дөңгелек болып келуі жауын-шашыннан қорғалуы үшін маңызды. Ал, жалпы құлпытастар өте шебер,  қиюы келтіріліп салынған ескерткіштер деуге әбден болады. Аудан аумағында Аққұм шағылы, Сарқырама бұлағы, Елекшар, Қарамола, Кіндікті, Қарағаш, Сегізсай, Алмаз, Торатбас, Қыземшек таулары, Сұлукөл, Ащысай, Ұрысай, Ақбұлақ, Қотантал, Үлгілі, Қараоба, Тасмола, Мыңбұлақ, Шыңғырлау, Шоқтыбай, Бағбей, Талдысай, Ағатан, Қособа-Баянас, Қаратал, Ақсуат, Қарғалы, Ақши, Соркөл маңында көне ескерткіштер барлығы анықталды. Оларды зерттеу, жүйелеу болашақ еншісінде. Бұның сыртында Байбол, Марқа, Салмұрын, Қарағалы мола, Байменсай, Қонай батыр, Ізбасар, Айтмұханбет, Бұлақ мәйіті, Молалы сай, Атай сай атты белгілі орындар бар.

рисунокАталған құлпытастар орналасқан жерлерді зерттеу жұмыстарының басталып кеткені көңіл қуантады. Жуырда Қарағаш, Белогор ауылдық округтерінен қуанышты хабар келіп жетті. Еліміздің мақтанышы баһадүр Бөкенбайдың ұрпақтарына қатысты екі құлпытас табылды. Ауданымыздан табылған екі құнды жәдігер деп санауға болатын құлпытастардың бірі «Тіленшіұлына» арналған болса, екіншісі «Тіленшіұлы Аралбай тарханның бәйбішесінің» құлпытастары болып шықты. Құлпытастардың дерегін оқыған зерттеуші, журналист Қазбек Құттымұратұлының  мәліметтеріне сүйеніп, Баһадүр Бөкенбайдың ұлы Тіленшінің өмірі біздің өңірмен тығыз байланысты болғанын анықтауға болады. Белогор жеріндегі көп моланың арасынан табылған Тіленшінің баласы жөнінде дерек табу қиындау,  дегенмен кейбір құжаттар бар.

Тіленшінің  Шерғазы Қайыпұлы сұлтанға 1793 жылы қазан айында жазған бір хаты сақталған. Осы хатында Тіленші Сахарная бекінісі есаулының өзінің жоғалған жылқыларын іздеп жүрген ұлы Едігені ұстап алғанын жазады. Ол Орынборға ұлының босатылуын сұрап хат жазады. Бірақ нәтиже болмаған.

 Тіленші батырдың тағы бір баласы 1792 жылы жаз айында Тұзтөбе маңындағы медреседе оқып жүреді.  Күз болғанда оны үйде оқыту үшін Тіленші Орынбордағы шекара істері басқармасына өзіне молда жіберуді өтінген хат жолдайды. Ондағылар ресми хатпен баласына молданы қоса аттандырғанымен жолда оларды Жайық казактарының атаманы Донсков ұстап алады. Бұл кезде Тіленші батыр күзеуде, шептен алыс далада жүрген.

 Қыстауға Жайық бойына жақындаған кезде де атаман ұлын жібермей, тек үш айдан кейін ғана босатады. Тіленші батырдың ұлы үйіне қатты науқастанып оралып, қансырап өледі. Тіленші батыр өз хатында ұлын улап жібергенін жазған. Торатбастың етегінен мәңгілік мекен тапқан осы ұлдардың бірі ме екен?

Атын оқу мүмкін болмағандықтан оны анықтай алмадық. Бірақ осы бағыттағы жұмыстарды әлі жалғастырамыз.

Тіленші тарихта өз орны бар белгілі қолбасшы, қазақ халқының бірлігі, бостандығы үшін күрескен батыр. Оның ұлы тархан Аралбай туралы мәліметті іздестіру уақыт еншісінде.

Сайып келгенде, тарихымызды зерттеп, зерделеу баршамыздың міндетіміз екені айқын. Ал оны іске асыру үшін аудан әкімдігі жанынан құрылған комиссия да өз жұмысын белсенді атқарары анық. Тарихқа тұнған еліміздің өткенін таразылап, барымызды баршаға жеткізу қасиетті міндет. Біз осы жолда жұмысымызды жалғастыра бермекпіз.

Адақ Шотпанов

(Жоғарыдағы суретте:   Қарағаш ауылдық округінен Б.Аталықов және О.Янтурсин;

төменгі суретте: Белогор ауылдық округінің әкімі Р.Еслямов)