рисунок

Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиевтің халыққа есеп беру кездесу жиыны болып өтті. Есепті жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, бірқатар облыстық басқармалардың басшылары, жергілікті мекеме-кәсіпорындардың жетекшілері мен аудан тұрғындары қатысты.

Бірінші болып аудан әкімі 2018 жылы атқарылған шаралар туралы баяндап, алдыңғы жылдармен салыстырғанда бірқатар салалар бойынша динамикада оң өсім бар екенін атап өтті. Аудан бюджеті 4 млрд. 207 млн. теңгені, өз кірістер есебінен түскен қаражат 386,6 млн. теңгені құрап, жоспар 106,8 %-ға орындалған.

Аудан тұрғындарының 100%-ға көгілдір отынмен, 82%-ға таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Ақшат және Амангелді ауылдарына сапалы ауыз су жеткізілсе, келесі жылы Ащысай және Жаңакүш ауылдарына жеткізілетін болады. Сонымен бірге Алмаз, Ақтау елді-мекендеріне ауыз су жүргізу үшін конкурстық жұмыстар жүргізілуде.

104 шақырымды құрайтын Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай өңірлік автожолының ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылы аталған жолдың 8 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Ағымдағы жылы 12 шақырым құрайтын Шыңғырлау-Ұрысай жолына асфальт жамылғысы төселетін болады. Сонымен қатар аудан орталығындағы Л.Қылышев көшесін жөңдеу жұмыстары жүргізілуде.

Шыңғырлау орта мектебі заман талабына сай күрделі жөндеуден өтіп, мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Денсаулық сақтау саласында Ақшат тірек елді-мекенінде, «ЛАЙГЭ» серіктестігімен мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында, 35 ауысымдық селолық дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілсе, 4 ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттері жаңартылды.

Бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны көбейту мақсатында Шилі мектебінде жаңа алаң салынса, есептік жылдың өзінде Шыңғырлау, Ащысай мектептерінің спорт алаңдары қолданысқа берілді. Осылармен бірге, Шыңғырлау ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысының жобасы жасақталды.

Сонымен қатар Л.Қылышев көшесімен А.Құнанбаев көшелерінің қиылысы маңындағы алаң толығымен абаттандырылды.

Сөз соңында аудан әкімі А.Есалиев алға қойылған міндеттердің біртіндеп орындалуы - барлық шыңғырлаулықтардың, яғни сізбен біздің жұдырықтай жұмыла еңбек етуіміздің нәтижесі екендігін атап өтті.

Фото: Александр Куприенко