«Цифрлық  Қазақстан» бағдарламасы елімізде жүзеге асуда. Бұл жұмыс біздің ауданымызда да өз дәрежесінде жүріп  жатыр деп айтуға болады.  Бағдарлама аясында біркелкі жұмыстар атқарылып,  мемлекеттік қызмет көрсету жұмысы электронды үкімет   тәртібімен жүр-гізілуде.  Цифрлық  технология жақсы дамып келе жатқан  елімізде  бүгіннің  өзінде   мобильді банкинг, онлайн-сауда, цифрлық сервистер,  әсіресе халық қызметін көп тұтынатын денсаулық сақтау, білім беру,  тұрғындарды жұмыспен қамту салаларында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асуда. Себебі, адамдарымыздың  қажеттілігіне қарай  қызмет ете отырып,  заманымызға қарай  жаңашыл үрдістерден қалыспай пайдаланып, әсіресе, құжатқа байланысты қызмет  көрсетуде уақытты үнемдейміз. Сондықтан да, міне, тұрғындарға көрсетілер  қандай да болмасын сан алуан  қызмет түрлерінің  қол жетімділігі,  қызметтің тез, әрі  тиімді болуына үлкен мән берілуде. Оның үстіне жемқорлық фактілерінің азаюына сеп болмақ. Осы мәселемен  жуырда аудан әкімдігінде жиын  оздырылып,  цифрландыру жұмысының  барысы  екшеленді. Жиынды аудан әкімі  Альберт Есалиев  ашып, жүргізіп отырды. Әрбір саладағы атқарылған  жұмыстар туралы тыңдап, әр сала бойынша бағамдап,  осы жиында олардың  олқылықтары мен қол жеткен табыстары да ескерілмей қалған жоқ.

Цифрландыру  бағдарламасы бойынша  аудандық білім беру бөлімі де нәтижелі жұмыс  істеуде. Мысалы, қазіргі таңда мектептерде  «BiIimland»,  «kundelik. Kz»  жұмыс істеп тұрса, ал осы қыркүйек айында Л.Қылышев атындағы орта мектепте   «IT» кабинет ашылмақ.  Ішкі істер бөлімінде тұрғындардың арыз-өтініштері электронды үкімет арқылы  қабылданып,  қылмыстық істердің қаралу уақыттары да электронды түрде белгіленіп отырады.

Тіпті өндірістік істермен де үйден шықпай-ақ танысуға болады. Көшелерде бейне-камералар орнатылған.Жақында   аудан орталығындағы автокөліктің көптігіне орай  екі бағдаршам орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, мемлекеттік автокөліктердің барлығы GPS-пен жабдықталған. Ветеринарлық  анықтама  қағаздарын алу,  үй мен балабақша кезегіне  тұру, тұрмыстық қызметтер төлемін төлеуде де  осы  электронды жүйемен іске асыру тұрғындар арасында үлкен қолдау табуда.

Айта кеткен жөн,  аудандық өлкетану-тарихи музейімізде   жәдігерлер цифрландырылған  жүйеге көшкен.  Интерактивті  терминал  арқылы  3 LD экран  арқылы  5 залдың жәдігерлері туралы  немесе  аудандағы 8 округтің  тарихы, сол округ туралы барлық мәліметтерді ашып  қаруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, ауданның ауылшаруашылығы да цифрландырылған жүйеде жұмыс істеуде.  Мәселен,  ауылшаруашылық жерлерінің  электрондық картасы жасақталып, ол әр округ бойынша  нақтыланған.  Ал,  бірнеше ауылдардағы жеке адамдардың және шаруа қожалық малдарына  чип қондырылып, ол да  интернет жүйесі арқылы бақыланып, бағылуда. Мұның өзі де бір қол жеткен жетістіктердің бірі. Электрондық есепке тіркелген мал басының   қозғалысы компьютер арқылы көрініп, қолды болған жағдайда тез табылмақ.

Аудандық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар-ламалар бөлімі және соған қарасты  үйден қызмет көрсету  қызметі де электронды жүйеге қосылған.

Жиын соңында аудан әкімі  осы  цифрландыру мәселесі  түбегейлі шешілу үшін ең алдымен ақпарттық, насихаттық жұмыс кең  болуы тиіс,  халыққа  әлі де түсіндіру, жағдай туғызу қажеттігін, әр саладағы қызметкерлер біліктілігін арттыру  шарт екендігін айтты.

 Жиында  бірнеше сұрақтар туындап, жауаптар берілді. Цифрландыру бағытындағы алдағы  күннің жұмыстары  нақтыланды.

Айсұлу МУСА