рисунок

Жазғы  жаңбырдың аз болуына қарамастан бар шөпті шауып, жинау жұмысын жақсы жүргізіп жатыр деуге  негіз бар.  Бүгінгі күні 69510 га жердің шөбі, шабылып 33010 тонна мал азығы дайындалды. Әр гектарынан 3 центнерден өндірілген пішеннің сапасы да жаман емес. Биылғы шөп шабу науқанына 168 трактор, 148 пішен шабатын орақ қатынасуда.

Шөп шабу жұмыстарының орындалуы 50,8 пайызды құрайды. Демек, қарқынды күшейтіп, жұмысты еселеу қажет. Ертең-ақ, қылышын сүйретіп қыс келгенде қапы қалмау  жағын қазірден ойлауымыз ортақ  міндет.

Дала төсінде 65 пішен маялағыш пен 47 пішен жинағыш техникалар да дамылсыз еңбек етуде. Науқан бел ортасынан ауды. Аудан бойынша Ардақ, Ақтау, Ащысай, Шыңғырлау ауылдық округтері алда келеді.

Былтырдан қалған шөптерді кейбір шаруа қожалықтарынан көріп жүрміз. Әйтсе де, биылғы сапалы көк шөптің орны бөлек болмақ. Енді ерте тұрып, кеш жататын кезең келген сияқты. Совет дәуірінде  орақшы Тілеп шал орақтарды қайрап, түскен, сынғандарын орындарына шегелеп, шыңдап отыратын: “Салдым орақ шөбімнің қоюына,

Малға азық қыс бойы болуына”,-деп әндетуші еді. Сол айтқандай, мал азығын уақытылы жинауға күшімізді салайық.

рисунок