рисунок

Ұлы Отан соғысының зұлматы  талайдың жүрегін жаралап, талай боздаққа  туған жерден  бір уыс топырақ бұйыртпай,   жат жерде жерленгендері қаншама.  Сұм соғыс бітсе де оның жаңғырығы әлі бар. Із-түзсіз кетсе де, қара қағаз келсе де   жоғалған жауынгерлерден үмітін үзбеген қанша мұңлық,   олардың  жерленген жерін бір көру де арман болған қаншама адам әлі де алаңдаулы.

Осындай арман    шыңғырлаулық  Төлеген Сапарғалиевтің жүрегіннен  орын  алған еді.Себебі көп жылдар бойы әкесінің  өлі - тірісін немесе жерленген орын көру арман болғанды. Төлеген Сапарғалиевтың  әкесі  Байсақалов Сапарғали,( туған жылы - 1902) Шыңғырлау  әскери комиссариатынан  1942 жылы соғысқа алынып,   содан хабарсыз кеткен. Ұядан  жалғыз Төлеген ағамыз  кішкентайында    шешесі  Ұлмекеннің етегіне еріп,  ауылдағы барлық тірліктің басы қасында жүрді. Соғыстың ауыртпалығы сол кездерде  әйел адамдар мен буыны қатпаған балаларға түскені белгілі. Таңнан кешке дейін  шөп шабу, мал бағу, жер жыртумен титықтаса да  соғысқа кеткен жан -  бірінің жары, бірінің  әкесі  Сапарғали ойларынан еш шықпады. Төлеген атаның кішкене кезінде есте қал-ғаны - бұларға  «қара қағаз» деп бір қағазды әкелгені, шешесінің  айналасына   әйелдер  жиылып, жұбату сөздерін айтқаны,  анасының  жерді құшып өксіп  жылағаны ғана. Есейе келе  ауылға соғыстан оралған бі-рен-саран  солдаттың  алдынан жүгіре шығып, бет-жүзіне ұзақ қарап тұрады екен.  «Менің әкем емес пе?» деген  әлсіз үміттің  үнемі  жүрегінің түбінде жатуы шығар, жылдар бойы әкесін  іздеуді жалғастыра беріпті. Үмітсіз -шайтан демекші, өлді  дегенге  сене алмай, мүмкін бір жерде жүрген болар, жаралы  болып,  елге хабар айта алмай жатқан шығар деген  ойлары үзілмепті.

  Сондықтан да болар,  жылдар өте келе ұлдары  ер жетіп, жауынгер атаны  іздестіруге, табуға бар күштерін салады. Ең болмаса бір уыс топырақ салуға  әкелеріне мүмкіндік берсек деген оймен жүреді. Әскери комисариаттардан бастап,  соғыс шарпыған  жерлердің бәрімен байланыс жасап, Байсақалов фамилиясын  іздеумен болады. Бұл іске көршілес  мемлекеттердегі  іздестіру жұмыстарымен айналысатындар да үлкен көмек етті. Талай зираттардағы  жерленген боздақтардың  аты - жөндерін біліп, сұрау салғандарға  хабарласып отырған . Осындай тиянақты жұмыс  нәтижесінде,  жетпіс бес жыл өткенде ғана  аталары табылды-ау!  Күндердің күнінде  Сапарғалиевтердің  отбасына  «Сіз  іздеген Байсақалов табылды!»  деген хабар да жетіпті. Нақтырақ айтсақ, ЦАМО мәліметінде  көрсетілгендей  соғыста жоғалған жауынгерлердің арасында қазақстандық Байсақалов Сапарғали атының да барлығын растап берді. Соңынан  жауынгер жерленген елді мекеннің басшылығынан хабар келіп, өздерінің  қарсы алып, жерленген жерге апаратындықтарын жеткізген. Төлеген аға  жылдар бойы бір хабарына зар болған  әкенің  зиратын бір көрудің өзін  шүкіршілік деді.

Ер жеткен үш ұлын - Нұрлыбек,  Асылбек  және   Жеңісбекті қасына ертіп,  мыңнан аса шақырым жол жүріп өтіп, Ресейдің  Орлов облысындағы  әкесінің зиратына  жетті.

Алдарынан шығып күтіп алған ресейліктер үлкен құрмет көрсетті.  Қонақ етіп, зиратты көрсетіп, тіпті  мектеп оқушылары көмегімен  ша-ғын концерт  ұйымдастырыпты. Екі елдің  ынтымағын сөз етіп,  сыйлық алмасады. Ескерткішке фотосуретке түсіп,  талай ұлттың ұлдары жерленген  қасиетті орынды көріп, Ұлы Жеңістің  қандай қиындықпен, сан мыңдаған  жауынгерлердің қанымен- жанымен келгенін  тағы бір  еске алады. Иә, сұм соғыстың  талай жанды қыршыннан қиып, хабар - ошарсыз талайының жоғалғаны  қандай өкінішті. Енді мұндай соғыстар болмасын деп тілейді адамзат.  Елден жырақта жер жастанған қатардағы жауынгер  Сапарғали Байсақалов   Орлов облысы,  Покровка  ауданы,  Ивановка селолық  округ маңындағы Непочатая  жеріндегі  қаза тапқан 400 боздақпен бірге  жерленіпті.  Үлкен ескерткіш тақтада барлығының аты-жөндері жазылып,  мәңгілік алау жағылған. Жиі- жиі гүл шоқтарымен  көмкеріп, жоғалғандарын іздеген  туыстары  осы жерге де келіп тағзым етеді екен.  Сол  соғыста - адам төзгісіз қанды қырғын кезінде елді қорғаған  400 жауынгер  жер жастанып, өзге елдің топырағы бұйырған екен. Сол ауылдың маңында болған  үлкен шайқас кезінде тағы да 800-ге жуық  Кеңес жауынгерлері шейт болыпты.  Мәйіттерін ашып анықтау жұмыстары әлі жүріп жатқандығын  село басшысы  әңгімелеп берді. 

«Осындай бейбіт өмір сүруіміз сіздің әкеңіздей жауынгерлердің арқасы, біз де бас иіп, құрмет тұта-мыз»,- дейді  Ивановка селосының басшысы А.Башкалов. 

Тірі әкесін таппаса да, оның  мәйтін көріп, зиратына бір уыс топырақ салудың өзі бір үлкен бір ғанибет, ата-баба алдында ұрпақтың   парызы. Қашанда ерлікке тағзым, ата-бабаға құрмет етейік, бейбіт өмір мәңгілік болсын.