11 07 18 news 1

Елімізде  тағы да бір ұлттық рухымызды асқақтататын, халқымыздың мәдениеті мен өнерін насихаттайтын мереке - Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген шілденің бірінші жексенбісі - Домбыра күні  аталып өтті. Қолына домбыра ұстап, әу демейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Атам қазақ бесіктен белі шықпаған баласын домбыраның қасиетті үнімен сусындатып, жұбатты. Халқымыздың асыл мұрасы - домбырасын атадан -балаға мирас етті. Енді міне, осы қасиетті аспапқа арнап мемлекеттікдәрежеде мән берілу идеясы ұтпаса, ұтылмасы анық.

Республика көлемінде ұлықталған осы мерекеге шыңғырлаулықтар да үн қосып, аудандық саябақта «Бабалардың көзіндей, қасиетті  - Домбыра!» атты шара өткізді. Өнерсүйер қауым жиналған кешкі саябақта аудандық саз мектебі ұжымы мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары алма-кезек күй тартып, ерекше қошеметке бөленді. Динаның күйі «Тойбастармен» ашылған сазды шара Түркештің күйі «Көңіл ашармен» асқақтап, Құрманғазы бабамыздың «Адайымен» жалғасын тауып жатты. Саз мектебінің ұстазы А.Қалиев, Г. Өмірәлиева, саз мектебінің «Жас толқын» ансамблі де өнерлерімен жұртшылықты тәнті етті.

Қара домбыраны жанына серік ете білген аудан тұрғындары зейнеткер Т. Жантасов, Шыңғырлау ауылдық округінің мүгедектер қоғамының төрағасы Т.Кереев, аудандық газеттің қызметкері Б.Баймағамбетова, белгілі өнерпаз А.Сатқанов та өздерінің ойнау шеберліктерімен, қоңыр дауыстарымен көңілді бір бірлеп тастады.

Бір әттеген-айы, елімізде мемлекеттік деңгейде атап өтілген бұл мерекеге келушілердің санының аз болғаны. Дейтұрғанмен, “көш жүре бара түзеледі” демекші, келер жылдары қошеметтеуші көрермен де, бақ сынасар ел ішіндегі өнерпаздар да көп болатынына сенеміз.

Домбыраны ұлықтаған кешке аудан әкімі А. Есалиев қатысып отырды.

Г. Ибрагимқызы