03 07 18 news 2

Ауданымызға тағы екі  су жаңа автокөлік пайдалануға берілді. Нақтырақ айтқанда,  жаз басталысымен  жұмыстары  көбейетін   № 22 өрт сөндіру  бөлімі көліктерінің қатары   жаңа екі автокөлікпен толықтырылды. Осы  қуанышты сәтке орай   мекемеге  аудан әкімі  Альберт Есалиев  келіп,  авариялық құтқару қызметіне арналған  УАЗ  және  АЦ-40-5  өрт сөндіру УРАЛ  автокөліктерінің жұмыс жасау барысымен танысып, өрт сөндіру қызметкерлерін  жаңа көліктерімен  құттықтады.

Екі автокөлік  нағыз заманауи  өрт сөндіру құрылғыларымен  жабдықталған,  су тасығыш цистернасы 5 тонналық. Бұған дейін  қолданыста тек екі тонналықтар ғана болған.  Ал, УАЗ көлігінде  құтқару қызметіне қажетті барлық  құрылғылар бар.  Қандай кедергілерден де өте алатын,  жолсызбенде жүре алатын көліктер  «төтеншеліктердің», «өртсөндірушілердің»   қызметтерінің сапасын арттырып,  белгіленген жерге уақтылы жетіп,  апатты жағдайды тез арада жоюға  ықпал етпек.  

Қазіргі  таңда жиі орын алатын  далалық өрт кезінде   және  түрлі  төтенше жағдайларда құтқару қызметінде  пайданлануға бірден - бір ерекше автокөлік екендігін  осы бөлімнің бастығы  Дулат Есенов түсіндіріп берді.  №22 өрт сөндіру бөлімінде бүгінгі таңда  15 адам еңбек етуде. Бөлімнің құрамында көп жыл еңбек еткен және ұжымға  жаңадан келген жастар да бар.  Мекемеде алты жыл жұмыс істеген  Серікқалиев Ергеннің еңбегі еленіп, облыстық басқарманың ұйғарымымен «Отанға адал, антқа берік» медалімен марапатталды.  Медаль иесін  аудан әкімі құттықтап,  бөлім қызметкерлерін   ел үшін адал қызмет ете беруге шақырып,  жұмыстарына  сәттілік тіледі. 

Аудан басшысы олардың жұмыстарының  өте жауапты, халыққа  қажетті екендігін айта келе, тек  қиын жағдайда ғана көмекке келу  емес, адамдармен тығыз байланыста болып, алдын ала  түсіндіру жұмыстарын жүргізу  қажет  екенін, өткен жылғыдай оқиғаларды ескере отырып, Ақшат ауылдық округінде де осындай  бөлім ашылмағын,оны   мамандармен, техникамен жабдықтамақпыз деп алдағы күннің жоспарларымен таныстырды.

Айсұлу Арыстанова