14 05 18 news 1

Жарты әлемді жалын мен отқа ораған 41-дегі қырғынның жаңғырығы әлі де жүрек тітіркендіреді. Арамызда жүрген ардагерлеріміз барда, сол соғыстың қанды ізі қалған жүректер соғып тұрғанда, сол сұрапылдың салқыны тиген тағдырлар тірі тұрғанда бұл жаңғырық өшпек емес.

Ұлы Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында аудандық мәдениет үйінде жергілікті «Шаңырақ» театрының Борис Васильевтің «А зори здесь тихие...» повесі бойынша түсірілген кинофильмінің желісіне құрыл-ған  «Тамылжыған таң» атты қойылым көрермен назарына ұсынылды.

Қойылымға ауданымыздың Ұлы  Отан  соғысының ардагерлері С.Ығылманов пен А.Рудь аталар шақырылып, жарақатты жылдардың сахнадағы жаңғы-рығын тамашалады. Театр режиссері Жалғасбек Мырзагереев актерлық құрамды жергілікті жастардан, мектеп оқушыларынан қамдап, олар өз рөлдерін айта қаларлықтай тамаша сомдап шықты. Әсіресе, бес бойжеткеннің рөліндегі Жанаргүл Баубекова, Майра Ғабдірешова, Жансұлу Рабаева, Ділшат Бекеева, Риза Бисенғалиевалардың рөлдерін сомдауы көрермендерді қатты толқытты. Жүрек тітіреткен өлім ызғары, соны түйсінген балауса балғын қыздар- өмірдің қатал сынына бас тіккен, айқастың соңы ажалмен бітерін анық білген, соған мойынұсынған сарбаздар бейнесін дәл бейнелеп отырды.

Жалпы, оқиға желісі кинофильмдегі сюжетпен ұқсас өрбігенімен, қойылымдағы әрбір рөльді сомдаушылардың кейіпкерін өзінше бейнелеп беруі, өзіндік түсінік-танымы өресімен жеткізуі көрермен тарапынан таразыланып отырады ғой, міне, сахнаның дәл осы жүгін қойылымды жасаушылар құрамы аса сәтті алып шықты. Күші басым, арнайы дайындықпен келген жау тобы, әлі тәжірибесі толықпаған өрімдей жастар, оның үстіне қатыгездіктен, адамды- адамға қастандық жасауға итермелеген соғыстың қанды тәбетінің қалауын түсіне алмайтын, түсінгісі де келмейтін жаны таза, табиғаты нәзік жас қыздардың аянышты, бірақ ерлік өлімі, сол нәзік те ерлік рухты бүгінгі, бейбіт заманның сахнасында тірілту оңай жүк емес еді.

Бөлімше басшысы старшина Федот Васковты шебер сомдаған Жалғасбек Мырзагереевтің сахнадағы өнері көрерменіне бірнеше мәрте қошемет соқтырды.

Жастық пен жігер, балауса сезімдер мен Отанға деген сүйіспеншілік, нәзік жаратылыстың мейірімі мен жауға деген өшпенділік сан тоғысқан, біріге-кіріге өрбіп, көрерменін бей-жай қалдыр-майтын сахналық туындыға айна-
лып, көрерменге осылай ұсынылды. Ауыл жастарының өнері ересектерді үлкен үміттерге бастап, ал, көрермен қатарындағы жас буын-бүгінгі ұрпақ жанарында аяныш пен сүйсіну, жігер мен мақтаныш оттарын ойнатты.  Бұл қойылымның түпкі мақсаты- Жеңістің оңайға түспегенін, ерліктің үлкен-кішісі болмайтынын және Отанды сүю- ғұмырдың ең басты қағидасы екенін ұғындыру мүддесінің орындалғанын білдіріп тұрды.

Қаршыға Елемесов

Суретті түсірген: автор