рисунок

Рухани жаңғыру- халықтық рухты оятудың, жастарға үлгі етудің, ұлттық болмысымыздың бай мұрасын бүгінге сіңіру, болашаққа аманат етудің ең тиімді жолы, бағыты боп отыр бүгінде. Осы орайда, ауданымыздың «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» да өзіндік жоспарлы жұмыстарды жиі ұйымдастырып жүр.

Осындай ізгі шараның бірі жуырда аудандық тарихи-өлкетану музейінде орын алды. Аталмыш ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында ауданымыздың  Ұлы Отан соғысы ардагерлері- Рудь Андрей Иософович (келе алмай қалды) және Ығылманов Сүйеу Ығылманұлымен аудан жастары кездесу кешін өтті.

 «Ерлік даңқы өшпейді» атты тақырыбында өткен кездесу еркін форматта оздырылып, жастар ардагерлердің ғұмыр жолы, соғыс жылдары және еңбекпен өткен өмір кезеңдері тұрғысында әңгіме-дүкен құрып, сауалдар қойды, аға буынның өнегелі жолымен танысты. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Сәмиев, аудандық Қорғаныс ісі жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Ғалымжан Бердібеков те қатысып отырды.

Бес бөлімнен тұратын музей ішінің бір бөлімі соғыс жылдарындағы аудан тарихына арналған еді. Бұл бөлімде майдангер қос қарияның майдан жолының естеліктері, сұрапыл жылдардан сыр шерткен фотосуреттер қойылған. Өтілген шараға бұл ыңғайлы үндестік туғызып, жастар соғыс пен жеңіс, ерлік пен отансүйгіштік, адамгершілік пен азаматтық тақырыбында өлеңдер оқыды.

Жаңа буын - жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, Отан, отбасы, туған ел мен жер үшін бас тігу сынды ерлік қасиетті насихаттау, ерлікті үлгі-өнеге еткен шара өз мақсатын орындады.

Ардагер-қарттар шара ұйымдастырушыларға алғыс-тілектерін білдірді.

рисунок

Айдар Орынбай,

 аудандық жастармен

 жұмыс жөніндегі ресурстық

орталығының әдіскері