рисунок

 «Жаңбыр жауса-жерге сый, Жігіт туса-елге сый» деп көреген қазағым қалт айтпағаны анық. Басына не келіп, не кетпеген ер-жігіттер әрқашан да елдің қорғаны, шаңырақтың иесі, ағайынның арқа-сүйері болған. Қандай қиындық  келсе де қасқайып қарсы тұрып, ар-намысын аяққа таптатпай, дегеніне жеткенінше тынбай талаптанған.

Шалыс басса, шыңыраудан шыға білген де – жігіттер. «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» деген сөз де ер-жігіттің батырлығына, батылдығына, көркіне, сымбатына, өнеріне қарап айтылған секілді. 7-мамыр   Отан  қорғаушылар күніне  орай Л. Қылышев атындағы Шилі ОЖББМ 6«а», 6«б», 6«ә» сынып ұлдары арасында аудандық балалар кітапханасында «Ерсұлтан» атты ұлдар сайысында өнерлерімен, білімдерімен, тапқырлықтарымен бақ сынасқан болатын.  Сайыстың мақсаты–ұл-дардың білімі мен парасатын, жігер-күшін сынға түсіре отыра, қазақ ұлдарына тән ептілік, шеберлік, қырағылық, ерлік қасиеттерді бойына сіңіру, отансүйгіштікке баулу. Әр сыныптан қатысқан білімді, епті, тапқыр, өнерпаз ұлдарымыз сайыста барын салғаны көрініп-ақ тұрды. Біреуі, өнерімен тәнті етсе, екіншісі, күш сынасу тұрғысында басымдау болды. Енді бірі, керемет тапқырлығымен таңғалдырса, бірі, күтпеген тосын жайттармен көрермендерді баурап ала білді. Жеті кезеңнен тұрған сайыста  қатысушылардың қайсысы болмасын «Ер сұлтан» атануға лайық болды.  Дегенмен, жеңіс бар жерде жеңілу бар, тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша сегіз қырлы – бір сырлы оқушы іріктеліп «Өнерпаз ұл» аталымына   6 «ә» сынып оқушысы Әділ Сұлтанов,  «Епті ұл» аталымына 6 «а» сынып оқушысы Ризат Мырзахан, «Білімді ұл» болып 6 «ә» сынып оқушысы Құмар Қалмұхамбетов танылса, ІІІ-орынды 6«б» сынып оқушысы Ибрагим Үмбеталиев, ІІ-орынды 6 «а» сынып оқушысы Ғимран Адақ жеңіп алса, «Ерсұлтанның» бас жүлдесін 6 «а» сынып оқушысы Дияс Крым  жеңіп алды. Жеңімпаздарға кітапхана атынан дипломдар мен сыйлықтар тарту етілді. Сонымен қатар, 5 «ә»,  6«б» сынып қыздары «Флэш-моб», 7 «а» сынып қыздары «Өзбек биін» билеп, сайыскерлерге мереке қарсаңында сыйлық тарту етті.Барша қатысушылар өздеріне осындай қуаныш сыйлаған аудандық балалар кітапханасына  алғыстарын білдіріп, танымдық шаралар жалғасын тапса деген тілектерін жеткізді.

Г. Досиева,

аудандық орталық  балалар

 кітапханасының  кітапханашысы