рисунок

Адамзаттың адамзатқа жасаған ең үлкен, ең ауқымды қастандығы саналатын фашистік Германияның Кеңес үкіметіне тұтқиылдан жасалған шабуылы 40 миллионнан аса ғұмырды жалмады. Миллиондаған отбасыларға, жалпы адамзат баласына ауыр қасірет әкелді.

Мемлекеттерді құлатып, өркениеттерді тып-типыл етті. Жүріп өткен ізінен қан мен күлге бөккен үйінділер қалдырып, төрт жылға созылды. Адамзат тарихында болып көрмеген небір кескілескен шайқастар өтті, талай ерліктер жасалды. Тағдырын қашанда тәуекелмен, тастүлек ерлігімен шешкен Қазақстан халқы осы қанды қырғынның бел ортасында жүрді. Сарбаздар алғы шепте жан алып-жан берісіп жатқанда, елдегі халық жылы киім, сәйгүлік жылқы, нанмен, ет-сүтпен барша майдан даласын қамтыды. Бұл - бұрын-соңды тарихта кездесетін ерліктердің ең үлкені, ең жойқыны да осы соғыста жасалды.

Халықтың қанына суарылған алқызыл Жеңіс туы тұп-тура төрт жылғы қанды қасаптан кейін тігілді. Міне, бүгін содан бері 73 жыл өткен екен. Бірақ, сол сұрапылдың қанды ізі, қайғылы жарасы ұмытылған жоқ халық жадында. Мұны, бүгінгі мерекелік парадқа алып шығарылған «Мәңгі өлмейтіндер полкі» («Бессмертный полк») естелік суреттері дәлелдейді. Иә, қанды соғыстың салқыны тимеген, жалыны шарпымаған жанұя жоқ.

Аудан орталығында Ұлы Жеңістің 73 жылдығы мерекесіне орай арнайы салтанатты сап тұрғызылып, мерекелік парад ұйымдастырылды. Шыңғырлау ауылының орталық көшесімен жүріп өткен салтанатты сап аудан орталығындағы «Даңқ» ескерткішіне келіп аялдады. Сап алдында ҰОС-ның ардагерлері С.Ығылманов пен А.Рудь қариялар арнайы көлікпен жүріп отырды.

Аудан әкімі А.Есалиевке мерекелік баянат (рапорт) беріліп, аудан басшысы және ардагер қос қария құттықтау сөз сөйледі. Есімі де, ерлігі де мәңгі өлмейтіндер рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етілді. Бұдан соң барша аудан мекемелері, ҮЕҰ, құқыққорғау органдары мен аудан тұрғындары тарапынан ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Мерекелік шеру соңы аудан саябағындағы мерекелік концерт, көпшілік серуенге ұласты.

Сәнді саябақтың сахнасында жалғас тапқан Жеңіс күнінің мейрамы аудан әкімі Альберт Есалиевтің жер бетіне бейбітшілік орнатқан, миллиондаған жандардың қанымен келген Ұлы Жеңістің мәңгі ұлықтайтын ерлік бол-ғанын, сол Жеңісті әпергендердің ерлік рухы ешқашан өлмейтінін, адамзат баласының оларға мәңгі тағзым ететінін атап өткен құттықтау лебізінен соң облыс басшысы Алтай Көлгіновтың атынан ауданымыздың көзі тірі қос ардагері Андрей Рудь пен Сүйеу Ығылманұлы аталарға Алғыс хаттар, сый-сияпаттар табыс етілді. Осы сахнада аудан әкімінің Алғыс хатымен Шыңғырлау шекара заставасының бастығы аға лейтенант Ерасыл Хасенбаев, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция учаскелік полиция инспекторы, майор Мәдениет Уксукбаев, төтенше жағдай бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғаныс лейтенанты Мирас Назаров, теміржол шекаралық бақылау бөлімінің аға нұсқаушысы, ефрейтор Есенжан Нұржанов, Шыңғырлау өрт бөлімінің көлік жүргізушісі - қызметкері, аға сержант Ерген Серікқалиев және А.Тихоненко атындағы ОЖББМ-нің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Амангелді Қалмағамбетов те марапатталды.

Осыдан соң, аудандық мәдениет бөлімі өнерпаздарының мерекелік концерті жергілікті «Шаңырақ» театрының «Күткен күн» атты тақырыбындағы қойылымымен бастау алып, аудан тұрғындарының көзайымына айналған «Үлгілі» атағы бар «Еркем-ай» би тобының «Жанерке» кіші бишілер тобы «Гүлдер» биімен жалғастырып әкетті. Концерт барысында сұрапыл жылдардың сазы болған «Кестелі орамал», «В землянке», «Әлия», «Я не хочу войны» әндері орындалып, жергілікті жастардың орындауында Қ.Елемесовтың «Батырларға арнау», А.Каланчуко-ваның орындауында «Баллада о матери» өлеңдері мәнерлеп оқылды. Осындай майдан әндері тақырыбында аудан орталығындағы Шыңғырлау, Л.Қылышев атындағы ОЖББМ, аудан колледжі және «Бөбек» балабақшасының ұжымының атсалысуымен «А закаты алые...», «О той войне», «Журавли» әндері орындалды.

Сахнада сәнді шараның бастан-аяқ барысын «Еркем-ай» би тобы (жетекшісі Гүлім Нұрғалиева) тартымды билерімен көркемдеп отырды. Олар орындаған «Смуглянка», «Венский вальс», «Журавли» т.б. әндерге құрылған би композициялары көрерменіне қол соқтырып отырды. Жыл сайын орындалатын үрдіске айналған шараның бірі - аудандық туризм және экология орталығы ұйымдастыра-тын дала асханасынан таратылатын «солдат ботқасы» биыл да анағұрлым дәмді болғанын тұрғындар ризашылығымен бағалап жатты.

Мереке соңы Жеңістің символы «День Победы» әнімен аяқталып, ауқымды саябақ іші ойнаған балалар, мерекеге жиылған көңілді жұртшылықтың көпшілік серуеніне ұласты.

рисунок

Қаршыға Асуұлы

Суреттерді түсірген автор