Жуырда аудан әкімі Альберт Есалиев аудан тұрғыны, ғұмырлық еңбегі мәдениет саласына арналған, бүгінде зейнеткер Надежда Павлованы қабылдады. Қажымас клуб қызметкерінің мерейлі 70 жасқа толуы бұл қабылдаудың басты себебі болды. Қабылдау барысында аудан басшысы мен мерейтой иесі арасында аудан дамуы, ауданның бүгінгі мәдени тынысы, зейнеткердің ғұмырлық еңбек жолы мен өмірбаяны тұрғысында әңгіме-дүкен өрбіді.

Ата-анасы да осы ауданның Қарағаш ауылында өмір сүріп, өзі де осында өмірге келген кейіпкеріміздің ел туралы, ауылдастары, қазақы жұрттың кеңдігі, жүрек жомарттығы мен ұлттық қасиеттері туралы айтары мол.

 Аудан басшысы қоғамдағы бүгінгі идеологиялық ахуал, осы бағыттағы жұмыстардың әсері туралы маман көзқарасы тұрғысында сұрастыра отырып, мемлекеттік тілді халықты біріктірудің нақты тетігіне айналдыру керектігі туралы өз пікірін қосты.

-Тек өмір сүріп отырған мемлекетіміздің мүддесін, бұл мүдде- «қазақстандық ұлт», «Мәңгілік Ел» қалыптастыру, қолдау, осы мүддені ел болып бірігіп, болашаққа арқау етуіміз керек. Бұл жолда бәріміздің басымызды біріктіретін, әрине, мемлекеттік тіл болмақ,-деп атап көрсетті Альберт Темірболатұлы.

Осыдан соң бүгінгі таңда да «Марычка» украин ұлттық-мәдени орталығын басқарып келе жатырған «қажымайтын клуб  қызметкерінің»  қызметі, тұтас буынды тәрбиелеудегі үлгі еңбек жолы үшін мерейтой иесіне аудан басшысы атынан Алғыс хат пен сый-сияпат ұсынылды.

Қаршыға Елемесов