рисунок

Басымыз  ауырып, балтырымыз сыздаған кезде  жүгінетін, ауырған дерттің шипасын іздеп есігін  қағатын ақ халатты  абзал  жандар туралы  қанша айтсақ та артық  болмас.

Адам  жанының  арашашы,  түн демей, таң  демей торыққанда жаныңнан табылатын медицина қызметкерлері - әркез қастерлі, жауапкершілігі  мол мамандық иегерлері.  Дәрігерлердің өз  антына адалдығымен науқас жандарға деген риясыз пейіліне әрқашан көңілім толады. Олай дейтін себебім, туған өлкем Шыңғырлау  ауданы, Ақшат ауылына қарасты Лубен ауылдық амбулаториясының  қызметкерлерінің көрсеткен үлкен көмек-терінің арқасында анам Наурызбаева Разия аман-есен ортамызға оралды. Анам - сол саланың әлеуметтік медбике маманы, аяқ  асты қан қысымы көтеріліп кетіп, біз абдырап қалған сәтте дер кезінде алғашқы көмек көрсете білген  дәрігерлер Байқатов Макар,  Байқатова Айгүлге, Абдрахманова Баянға, Сара Дәулетқызына, невропотолг Қарабаев Абдуллаға, аудандық аурухана ұжымына, Орал қаласындағы көпбейінді ауруханасының неврология бөлімшесінің бас дәрігері Шоханов Жандос пен бөлім қызметкерлеріне  өте ризамын. Кез - келген адам үшін ең қымбат деген жандардың қасында болуының өзі бақыт. Сол бақытты сәттердің себепкері осы ізгі жандар екендігі айқын.

Біз қатты ауырып, сырқаттана  қалсақ ең бірінші жаратушы Аллаға сыйынамыз, екінші өлімнен    арашалап қалатын ақ халатты абзал жандарға жүгінеміз.  Шағын ауылдың  халқын ауру-сырқаудан аман алып қалатын сондай мейірімді жандар жанымызда жүр. Меңгеруші  Сарқұлова Гүлшат пен аға медбике Абдрахманова Баян ауруға шипа іздеп, келуші жандарға жәрдемдеседі. Тісі ауырып, тәбеті қашқандардың «дәрумені» Жәнібек  Кеңесұлы ағамыз өз ісінің  майталманы екендігі  шүбәсіз. Ана мен бала өмірінің жанашырлары, баланың алдағы  тағдырына алаңдаумен өтетін балалар медбикесі – Мырзашева Айым мен Дауленова Сара  апамыздың еңбегі өлшеусіз. ұшан-теңіз. Бұлардың қатарына қашан барсаң да жылы ықыласымен қарсы алатын ем-шара бөлімінің мейірбекесі - Каримова Альбина мен зертханашы Бокаева Замзагүл, қосыңыз. Әрине, толағай еңбек пен  сарқылмас  білім, біліктерінің арқасында талайлардың сырқа-тына шипа болған бұл жандар емханамыздың шағын әрі, ескі екендігіне қарамастан мың жарымдай халқы бар ауылымызға тынбай көмек көрсетіп келеді. Аппақ пейілдерімен адамдарға қол ұшын беріп жүрген ақ  желеңді жандарға жаңа аурухана ғимараты мен жас көмекшілер келсе бұдан да көп халықтың еміне дауа болары анық. Елбасымыз атап көрсеткендей, рухани жаңғырудың сапалы болуы  осындай өз ісінің асқан мамандарына,  бар пейілімен жұмыс атқаратын ел азаматтарына байланысты.  

Нұрлыбек Наурызбаев,

БҚМУ студенті

 Орал қаласы