Наурыз мерекесін думандата қарсы алған батыс өңірінің бір жаңалығы- облыс орталығында мерекеге орай ұйымдастырылған дзюдо күресінен Орал қаласының ашық біріншілігінің өтуі болды.

Облысымыздың барлық аудандарынан және қалалық бірнеше спорт мектептерінен, сондай-ақ, Атырау облсының Индер ауданынан 2005-2006 жылы дүниеге келген жасөспірім палуандар қатысқан тартысты тәжікеде талай спортшы бақ пен баптың бәсекесіне түсті.

Бабы піскеннің басым түс-кені байқалатын бәсекеде шың-ғырлаулық екі қатысушы Алдияр Саин 55 келі салмақта, ал, Дияс Крым 35 келі салмақ бойынша күреске түсті.

Күрес барысында Алдияр 4 белдесу өткізіп, үш қарсыласын таза жеңіспен ұтты, соңғы белдесуде  қарсыласымен тең түссе де, жеңіс Бас төреші, орбитр және бүйірдегі төрешінің ортақ шешімімен Алдиярдың қарсыласына берілді.

Дияс Крым да төрт белдесу өткізіп, екеуінде жеңіске жетті. Оның әдіс - тәсілі, шапшаңдығы мен икемділігі төрешілердің де, көрермендердің де разылығын тудырды.

Нәтижесінде, Алдияр Саин  (суретте) жарыстың ІІ орынын жеңіп алды, ал Дияс Крым жеңіске деген жігерімен көзге түсті.

Алдияр Шыңғырлау ОЖББМ-нің 6 сынып оқушысы, ал, Дияс Л.Қылышев атындағы мектептің 6 сыныбында оқиды.