Ежелден Наурыз мерекесі - күні мен түні, ұлылығы мен жылылығы теңескен, мерекесі мен берекесі келіскен құтты  жыл басы саналған. Наурыз - көп ұлтты Қазақстан халықтарының достығы мен туысқандығы, еңбегі мен бірлігінің, молшылығының ежелден бері  бастауы болған. Наурыз  той көктем мен жаңа жыл мейрамы ретінде елімізде жыл сайын мерекеленуде.

Аудан орталығында осы   аталмыш мейрам  жыл сайын сән-салтанатымен,  жергілікті халық және қонақтардың қатысуымен дәстүрлі түрде өткізілуде.   Биылғы Наурыз мерекесін   шыңғырлаулықтар  жақ-сы  жаңалықтарымен, игілікті істерімен, молшылығымен, ұлт пен ұлыстың  тұтастығымен қарсы алды. Мәдениет саласы қызметкерлерінің ұйымдастырумен  «Наурыз шапағаты» тақырыбында  театрлан-
дырылған көрініс  тамашаланды. «Наурыз - думан» әні аспанда қалқып, ақшаңқан киіз үйлер қатар тізіліп,  иісі бұрқыраған  сары бауырсақ пен наурыз көже  тегін  үлестірілді.Ұлттық нақышта  киінген қыз бен жігіттер алтыбақан теуіп, ұлтымыздың спорттық ойындары  ойналды.

Ғасырлар қойнауынан  бізге дейін келіп жеткен ежелгі наным-сенімдер бойынша, 21 - наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды екен. Ол адамдарға  батасын беріп,  табысқа, байлыққа,  татулыққа бастайды-мыс. Осы әдет-ғұрыпты жаңғыртып, театрландырылған қойылым бойынша  ортаға Қыдыр ата  шығып, барша жұртқа  тілек айтып,  ақ батасын берді.

Ал, «Елім-ай» әжелер тобынан құралған ақ жаулықты аналар   «Алас, алас, пәле - жәледен алас» деп  аластау ырымын жасап, жамандық атаулыны отпен қуды.

Ұлттық нақышта киінген «Еркем-ай» тобының  биші қыздары ортаға шығып «Көктем» атты биімен  наурыз тойын одан әрі   әрлендіре түсті.

Аудан әкімі  Альберт Есалиев Ұлыстың Ұлы күні - наурыз  мейрамымен құттықтаған соң, бір  топ қыз - келіншек  мейрамға жиналғандарға наурыз көжеден дәм таттырып,  бауырсақ пен тәттіден  шашу шашты.

Аудандық саз мектебі өнер көрсеткеннен соң, «Торыатбасы»  фольклорлық тобының орындауында  Түркештің «Көңілашар», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйлері орындалып, көпшілік ұзақ қол соғып, көтермелеп отырды.

Бұл мерекеде  халықтың арасында ұмыт бола бастаған бірнеше әндер  жаңартылып, жаңғырып, орындалып, тыңдарманын сүйсінтті. Мысалыға айтсақ, «Наурыз тойы», «Арба», «Отырар сазы», «Әриайдай» т.б. әндер. Биылғы наурыздың ерекшелігі сол,  мерекеге орай ұлтымыздың бірнеше салт-дәстүрлері айшықталып,  (бесікке салу, келін түсіру т.б.)  мәдениет саласы  қызметкерлерінің  күшімен тамаша орындалды. Мерекеге сай жабдықталған қазақша өрнекті  киіз үйлердің бірінде  Л.Қылышев  атындағы Шилі орта мек-тебінің оқушыларының  және аудандық оқушылардың мектептен тыс жұмыс орталығы үйірме жетекшілерінің  қолымен жасалған  қолөнер бұйымдарының  көрмесі   қойылып,  оның алдында олардың жасалу, дайындалу жолдары көрсетіліп, түсіндірілді.

Ал, келесі киіз үйде   қонақтар мен жерлестерімізге  наурыз көже мен бірге бауырсақ ұсынылып,  үлкендердің наурыз баталары тыңдалды. Осы күні аудан тұрғындарына жеке кәсіпкерлер С.Нәмиева, мен М.Камзаеваның ұжымы молынан дәм әзірлепті.

Осылайша, Шыңғырлау халқы тағы бір наурыз мейрамын  тойлап өтті.  Иә, келесі наурызға дейін еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

***

Наурыздың тойын тартымды ете түскен тағы бір шаралар - спорттық бәсекелер болды. Аудандық БЖСМ-нің спорттық залы тұрғындарға толып, ортаға тасталған жұмсақ кілемде қазақ күресіне жол берілді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері өз үйренгендерін көрсетіп бақты. Кеудеге-кеуде тіреп, қарсыласын басынан асыра лақтыру, бақайдан қағып тізеге отырғызу, қолтық астынан ене кіріп, құшақтай көтеріп шалқасынан жығу, жамбасқа салып аудара лақтыру, тік көтеріп үйіре апарып таза жеңіске жығу сынды неше түрлі ұтымды әдіс-айланы жанкүйер назарына  ұсынған күрес  көрермен қиқуы, көтермелеген түрлі қуанышты қолдаулардан арылмай, әдемі өтіп жатты.

Ауқымды залдың бір басында кәдімгі асық ату және тоғызқұмалақ ойындары жалғас тапты. 

Рухани жаңғыруымыздың  ұлттық ойындары бағытында өзіндік орыны бар бұл ойын соңғы кездерде аудандық «Шыңғырлау» спорт клубы тарапынан мейлінше дәріптеліп жүр. Мереке қарсаңында осы ойындардан Лубен ауылында өткен жарыстар да осының  дәлелі. Иә, мереке күнінде де жиналған тұрғындар жас ерекшелігіне қарамастан асықты атып түсіру сызығы қатарына тұрып жатты.

Ал, БЖСМ-нің алдындағы алаңда көпшілікке арналған концерттік бағдарлама, мерекелік қойылымдар тізбегінде халықтық арқан тарту ойыны ұйымдастырылды.

Үлкен-кіші түгел атсалысқан ойынның қызығы да көпшілікті баурады. Қызықтай тұрып, көппен біргенің көңілі ортаймас деген ой келді.

Мереке күнінің салқындығы да  аса әсер етпеген көңілді мерекенің  барысы түрлі спорттық ойындардағы жеңім-паздарды мараппаттаумен түйінделді.

Аудан әкімі Альберт Темір-болатұлы жеңімпаздарды құт-тықтай тұрып, рухани жаңғыру көшінің ұлттық, халықтық  бай мұрасын дәріптеп, әрбір тұрғынның санасына орнығуы қажеттігін, әрбір азамат елімізді, бірлігімізді, бауырластығымыз бен баға жетпес Тәуелсіздігі-мізді құрметтеуі, мақтан тұтуы және қорғауы керек деген тұжырымын жеткізді. Есімдері аталған жеңімпаздар жіті басып, жеңіс тұғырына көтеріліп жатты.