Әр бала жұлдыз болуға лайықты, сондықтан  ерекше білімді қажет ететін балалардың да шығармашылық қабілеттері мен мүмкіндіктерін дамыту, өмірге көзқарасын қалыптастыру, алдағы күндерге үлкен үмітпен қарайтын балаларға ерекше көңіл бөлу, талантты балаларды анықтау және дамыту мақсатында “Жұлдызай” республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің аудандық іріктеу кезеңі өткізілді.

52 баланы қамти отырып өткізілген фестивальде вокал аталымы бойынша - 9 бала, хореография аталымы бойынша - 15, көркем қолданбалы өнері бойынша - 14, бейнелеу өнері жанрларынан 14 оқушы  өнерлерін ортаға салды. Фестиваль ашылар алдында қатысушыларды аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Сапаров және “Дарын” ҚББО-ғы директорының орынбасары А.Қожанғалиев құттықтаса, Орал қаласынан келген  фестиваль қонағы, түрлі республикалық байқаулардың жүлдегері, жерлесіміз М.Алмағамбетовтың ән-шашуын жолдауы, сондай-ақ, біздің балдырғандарға эстрада жұлдызы Е.Нұржановтың бейнеқұттықтауы көрсетілуі ерекше болды.

Фестиваль соңында барлық қатысушыларға аудандық білім беру бөлімі атынан әдіскер Н.Бисенова сыйлықтар мен алғыс хаттарды табыстап, аудандық “Жастармен жұмыс” ресурстық орталығының өкілдері үйден оқитын, ерекше білімді қажет ететін, Қуағаш НЖОБМ оқушысы  Д.Исатаеваға демеушілік білдірді. Сонымен қатар, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында шара соңында ауданымыздың кәсіпкерлері Ж.Жаркеева, Г.Измаилова, М.Намиев, Р.Камзаевтің демеушілігімен тәтті үстел ұйымдастырылып, балалар риза болып тарасты.