Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның стратегиялық мақсаттарын белгілеп қана қоймай, оларға қол жеткізудің жағдайын да жасап келеді. Еліміздің табысты дамуының сенімді іргетасы ол - халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім екені анық.

Бүгінде Қазақстан әлем таныған қуатты елге айналды. Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстардың қазақ еліне, халқына деген шексіз ризашылық пен алғыс сезімдерінің куәсі болып отырмыз. Ендеше Елбасымыз, Партия төрағасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жариялаған бес ауқымды әлеуметтік жоба-ларының маңызы зор дер едім. Әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға, елдің игілігіне арналған ұтымды жоба, айрықша бастама.   

Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор серпін береді. Нәтижесінде, миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі  артады.  

Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту».  Бұл дегеніміз салықты азайтудан шығатын қаржы жалақыны көтеруге жұмсалады деген сөз. 

Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлініп,  11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылды. Бұл алдағы жылдарда туындайтын жатақхана тапшылығын біржола шешеді.  

Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Бұл бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды.  Яғни, елді-мекен тұрғындары үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін  маңызды қолдау.        

Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Бұл жаңа өндіріс орындарын ашуға, экологияны жақсартуға бағытталған бастама. Аталған жобаны іске асыру арқылы өңірлерді газдандыру мәселесі қамтамасыз етілетініне сенімдіміз.  «Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алып, халық пен бизнес өкілдерінің арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын нәтижелі жүргізетін боламыз. «Біздің болашаққа ұмтылысымыз және жетіле түсуге ұдайы талпынысымыз – Қазақстанның одан әрі өркендеуінің аса маңызды шарты. Мемлекет басшысы белгілеген бес бастама ортақ игілікке қол жеткізу үшін, азаматтарымыздың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін болашаққа деген сенім.