Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген маңызды бағыттарының бірі  қазақ тілінің латын графикасына көшуі болып табылады.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі бүгінгі күнге дейін жан-жақты сараланып, талқыланған бастамалардың бірі. Латын графикасына негізделген әліпби қазақ халқы үшін таңсық емес екендігі мәлім. ХХ ғасырдың өзінде ұлтымыздың зиялы қауымдары қолдау көрсеткен латын әліпбиіне көшу – қазақ халқы үшін жарқын болашақтың кепілі болмақ. Ұлттық құндылықтар мен тарихымызды дәріптейтін, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан адамгершілік қасиеттеріне сүйенетін рухы биік Мәңгілік елді құру жолында әр азамат өз үлесін қосу қажет екені сөзсіз. Ұлттық құндылықтар әрқашан ана тілден бастау алады. Сондықтан, тіл мәселесі жылдар бойы ең өзекті мәселе позициясын сақтап келеді. Еліміздің жарқын болашағын құру жолындағы латын әліпбиіне көшу идеясын толыққанды қолдау мақсатында, ең алдымен, халықты дұрыс ақпараттандыру қажет. Осы мақсатта Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің үлкен залында «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» тақырыбында ақпараттық-насихаттық кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде латын әліпбиіне қатысты мәселелерді жан-жақты саралап, егжей-тегжейлі мағыналы баяндама жасаған Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының Бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева ойларын анық жеткізіп, латын әліпбиіне қатысты толық ақпарат беріп, аудан тұрғындары көкейінде жүрген көптеген сұрақтардың жауабын тапты. «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айсұлу Арыстанова мен Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Алмат Байболат өз пікірлерін білдірсе, Л.Қылышев атындағы Шилі орта жалпы білім беретін мектебінің оқушылары М.Қуанышкереев пен М.Жалғасбаева ой түкпірлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

Алдағы уақытта да мұндай тағылымды кездесулер жалғасын тауып, еліміздің даму жолындағы маңызды қадамдарды қолдауға аудан тұрғындары болып атсалысатын боламыз.

Жұлдыз Зданова,

аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,

дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы