Ауылымыздағы әз әжелердің бірі Төребаева Разия -  1925 жылдың 10 мамырында  Кіндікті ауылында  дүниеге келген. 1933 жылдар бүлдіршін қыз шамасында Лубендегі  мектептің табалдырығын аттап, бар-жоғы 5 кластық білім алып шығады.

Көп балалы отбасынан шыққан қаршадай қыз көп жоқшылық көріп, жастайынан қара жұмысқа араласады. 15-16 жасында Разия әжеміз Орынбор жақта да жұмыс жасап қайтады. 16-17 жасқа жеткен бойжеткен Лубен совхозына қайта оралып, соғыс жылдары “қырық аяқ” тракторын айдап, өгіз арбамен Шыңғырлауға шөп, бидай тасыған. Аязда да совхоздың берген тапсырмасын орындаймын деп қатарластарымен бірге шөп, бидай тасып, киетін аяқ киім болмағандықтан,  аяқтарына тері орап алады екен. Күндіз жұмыстан шаршап-шалдығып келсе де, көздерінің майын тауысып, түнімен шұлық тоқып, майданға жіберетін. Соғыс аяқталып, ел еңсесін көтере бастағанымен де жас қыз қол қусырып, қарап отырмады. Қолына шелегін алып, 1946 жылдардан сауыншылыққа ауысады, науқан кездерінде қой қырқуға барады.  Разия әжеміз соғыс ардагері Қанапия Төребаевпен түтін түтетіп, шаңырақ құрып, бір қыз баланы дүниеге әкеліпті. Жасы ұлғайған Разия әже соңғы жылдары Лубен ауылындағы ауданға белгілі алма бағында жұмыс жасап, зейнетке шыққан. Әйтсе де, еңбекпен әр таңын қарсы алып үйренген кейуана қарап отыра алмай, жұмысын жалғастырып жасай берген. Кәзір әжей 93 жасқа келіп, жиенінің қамқорлығына бөленіп отыр. Әлі де жады мықты, тың кейуананы көктемнің шырайлы мерекесі қарсаңында арнайы құттықтай барып, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы атынан берілген Алғыс хатпен марапаттап, мықты денсаулық, шуақты күндер тіледік.

Айна Жұмағалиева,

 Лубен бастауыш партия

ұйымының төрайымы