Қыстан шыққан тіршілік иелері жылылық пен шуақты асыға күтетіні белгілі. Көктемнің алғашқы айы жанға жылылық құятын шырайлы мерекелермен басталады.  Көпұлтты біздің еліміз үшін әр мерекенің мәні зор. Алғыс айту күнімен басталған көктемнің алғашқы күні нәзік жандылардың мерекесіне ұласты.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар  бөлімі және  аудандық кәсіпкерлік бөлімдері біріге отырып,  аудан әкімдігінің қолдауымен  ауданымыздың құрыл-ғанына 90 жыл толу қарсаңында  90 жастан асқан 10  зейнеткерге «Әйгерім» мейрамханасында мерекелік басқосу ұйымдастырды. Дастархан басында қариялар емен-жарқын әңгіме құрып, жастық шақтарын еске алып, тағылымды да тартымды әңгіме өрбітіп, көңілдері бір көтеріліп қалды. Шара барысында олардың әрқайсысына жеке кәсіп-керлердің атынан сыйлықтар табыс етілді. Ауданымыздың көркем-өнерпаздары ән шырқап, қарттарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік кездесуде аудан әкімі аппаратының басшысы Т.Сағынгереев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Ө.Бекениязов, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Е.Шайымбетов, үйден арнаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Н.Жұмағұлова құттықтау сөз сөйледі. Өмірдің тезінен өтіп, бейнетсіз қарттықты ұрпағының ортасында өрбітіп отырған жандар өздеріне деген шынайы ықылас-пейілге риза болысып, рахметтерін айтты. Көңілден көңілге жеткен шараны ұйымдастыруға демеушілік жасап, мерекелік дастархан жайған  «Әйгерім» кафесінің басшысы Әсел Сұлтанғалиеваға, «Дәулет» ЖК басшысы  Әлібек Жұмағұловқа алғысымызды білдіреміз.

Г.Алпысбаева,

үйден арнаулы әлеуметтік

көмек көрсету

 бөлімшесінің кеңесшісі