Әр көктемнің әдемі мерекесі - аналарымызға арналған түрлі тартымды шаралармен бастау алып жатады. Биылғы тамаша тарту Ащысай ауылдық мәдениет үйінде өткізілген аудандық «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай» тақырыбындағы жас келіндер байқауы болды. Аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен қашаннан ұлттық болмыс, қазақы өмір-тіршілік, салт-дәстүрдің бастауы, ажырамас арқауы болған келін тәрбиесі, отбасы құндылығы, келіндік дәстүр, халықтық тағлымды насихаттауды мақсат еткен байқауға ауданымызды ауылдық округтері, елді-мекендерінен ұзын саны 14 келін қатысып, бәсекеге түсті.

Әдеп пен әдемілік, инабаттылық пен ісмерлік, отбасылық өмір тәжірибесі мен өзіндік өнер сынға түскен сайыста біреу ілгері шығып, бірі іркіліп жатты. Байқаудың біз байқаған басты артықшылығы сайлы, сәнді ұлт киімі болды. Қатысушылардың баршасы бүрмелі көйлек, зерлі камзол киіп, ажарлы көрініп тұрды. Келесі көзге түскені, әр қатысушының өз тілімізде еркін сөйлеуі, ойын тартымды жеткізе білуі болды. Саханға шыға бере сәлем салып, ізет көрсету, көпшілікке сыртын бермей бірқырын ғана шығып кету сынды қазақы болмысымыздың жазылмаған «жарғысы», айтылмаған тәртібі де негізінен орындалып жатты. Олқы түскендердің кемшілігі әрине, үйдегі енелеріне сын.

Ұлттық тағам дайындауда қай сайыскер де «төрт аяғы тең түсті», әр тағамның дайындалуын суреттегенде де ешқайсысы мүдірмеді.

Жалпы, байқаудың өзі 4 кезеңмен сынға салды. Алғашқысы, «Сымбат, көрік-сынымен», келесісі «Білгенге - маржан» - сұрақтар сайысы, одан соң «Ана көрген- тон пішер» - қол икемділігі, тағам пісіру, қолөнер бұйымдары сыны және «Өнегелі, өнерлі» - өзіндік өнер байқауы кезеңдеріне бөлінген екен.

Әр сыннан өту нәтижесіне қарай бүгінгі жастардың, әсіресе, ауылдағы келіндердің тәрбиесі дұрыс, отбасы өміріндегі тағлымы жоғарылығы айқын байқалды.

Сайыскерлердің әуелі әдебі, ізеттілігі, одан соң зерделілігі, ісмерлік пен икемділігі, біліктілік деңгейі, қабілет-дарынына басты көңіл бөлген әділқазылар алқасы әр қатысушыны деңгейіне қарай іріктеп, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде, Бас жүлде ащысайлық Айдана Амангерееваға бұйырды.  І орынды- Ақсуат ауылынан келген Еркежан Егізова жеңіп алды. ІІ орынды - Қайыңды ауылынан Нұржауған Баймұқашева мен алмаздық Мейрамгүл Павлова иеленсе, ІІІ орынды- ащысайлық Гүлболар Нищанова мен қарағаштық Айсауле Баянқұлова және лубендік Нұрсәуле Караматовалар бөлісті. Қалған қатысушыларға да түрлі аталымдар бойынша алғыс хаттар табыс етілді.

Иә, ұлттық құндылық, дәстүр, Отанды сүю деген қасиет қараша үйдегі әже, ене, ана мен келіндердің тәрбиесінен басталады. Бұл тарих, адамзат болмысы, ұлттық танымымыз дәлелдеген заңдылық. Іргетасы қисық үйдің, өзі де қисық болмақ. Қисық қалыптан қисық кірпіш түсетіні де һақ. Сондықтан, әулетке түскен келіннің зердесі, білімі, әдебі мен мінез байлығы - бей-жай қарауға болмайтын басты мәселе. Яғни, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні- ұлтымыздың әр отбасының тағдыры әуелі, аналардың, содан соң енелердің және келіндердің қолында. Осыны ескере жүрейік.

Айгүл Байғалиева,

аудандық мәдениет үйінің нұсқаушысы