Жуырда ауданымызда «Тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, болашағымыздың асыл қазынасы» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті. Рухани құндылығымызды түгендеп, санамызға тың деректер беретін мәнді шараға М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің оқытушылары, филология ғылымдарының кандидаттары Роза Мұхамбетқалиева мен Ағиләш Ниязғалиева және БҚО тарих және археология орталығының аға ғылыми қызметкері Яна Лұқпановалар қатысты. Ғылыми конференцияға аудан мұғалімдері, тарихшы мамандар, мектеп басшылары мен ауылдық округ әкімдері, мектеп оқушылары көптеп жиналды.

Тағлымды шараны аудан әкімі А.Есалиев өзі жүргізіп, бүгінгі таңда түрлі бағытта бастау алып жатырған аудан тарихын, аймағын, жер қойнауы жасырған тарихи жәдігерлер, ел аузында жүрген аңыз-әңгіме, шежіреге қатысты қазыналар, қайраткер тұлғалар мен ел ішінде киелі жер саналатын аумақтарды анықтап, зерттеп, олардың 3D картасын жасақтау сынды ауқымды жұмыстардың бар екенін айтып өтті.

Бұл ойды кезекті сөз алған Роза Мұхамбетқалиева өз баяндамасымен толық-тырып, тарихта келтірілген көп деректің басым көпшілігі Шыңғырлауға соқпай кетпейтінін, әрісі Асан-Қайғы, берісі Сырым батыр, Ақсуат би, Марабай жырау, қылышы Қыземшекте қалған делінетін Қобыланды батыр туралы әфсаналар, Аққұмды мекен еткен «Ер Тарғын» жырындағы Ақшахан туралы аңыздар, нақты дерегі бар «Айман - Шолпан» жырында Шыңғырлаудың аталып отыратындығын біраз толғап берді. Жаугершілік пен жұт қатар тарықтырғанда «түйе өркешін талмаған - Табындар» тарихы, «Қалмақтың қарғысы қатты» тәмсілінің қалай таралғаны тұрғысында ой толғаған Роза Қазиқызының баяндамасын Ағиләш Ниязғалиева дала әліпбиінің пайда болуы, дамуы, замана желінің ығына қарай өзгерістері хақында тоқталып, бүгінгі тақырыпқа айналған «Қазақ жазуын латын графикасына көшіру» жобасының болашағы-мызға берер пайдасы мен себін түсіндірді.

Зерттеудің қазба жұмысы саласын қамдап жүрген Яна Лұқпанова ауданымыздың бұл салада аса сакралды аймақ екенін, тіпті Шыңғырлау өңірі археологиялық тұрғыдан қарағанда әлемдік каталогта белгіленген ерекше жер екенін атап айтты. Өңіріміздің Үлгілі, Елекшар, Лебедевка қорымдарынан табылған жәдігерлер есте жоқ ескі замандардан бері қарайғы барлық кезеңдерді қамтып отырған. Сайып келгенде, Шыңғырлау жері қай кезең, қай ғасырда да адамдардың мекені болғанын, бұл жерден адамдардың ешқашан кетпегенін, бұл жерлердің әркезде адамдардың нақты мекені боп қала бергенін айғақтайтын ғылыми тұжырымдардың көптеп жасалғандығын  атап өтті баяндамашы. Әлі де тоқтаусыз зерттеулерді қажет ететін қаншама қорымдардың, қорғандардың барлығын (Шыңғырлаудың Лебедевка аймағы мен Қаратөбенің Қалдығайты өзенінің арасында 300-ге тарта қорғандар бар екен. Ал, Үлгілі аумағында 200-ден аса археологиялық ескерткіштер табылған)  атап көрсеткен Яна Амангелдіқызы тарихшы мұғалімдер мен мектеп оқушыларын археологиялық қазба жұмысы экспедицияларына атсалысуын сұрады.

Жиын соңында аудан әкімі Альберт Есалиев келген меймандарға тағылымды баяндама, ізгі сапарлары үшін разылық білдіріп, алғыс хаттар тапсырды.

Қаршыға Асуұлы