Елбасы  Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ұлттық бірегейлікті сақтау тармағы көпшіліктің көкейіндегіні дөп басқан тұжырым. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Салт-дәстүр, тіл, музыка, әдебиет, жоралғылар, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалу керек» дегенді айтты.

Сонымен қатар, «Жаңа гуманитарлық білім.Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша дүниежүзілік әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылған кітаптарды қолданысқа енгізу мәселесін зор қуанышпен қабылдадым. Әлемдік еңбектерді біздің студенттер  2018-2019 оқу жылдары қазақ тілінде оқитын болады. Бұл – ұлттық бірегейлікті сақтаудың бөлшегі деп ұғынуымыз қажет.  

Елбасы әрбір қазақстандықтың санасын жаңғырту үшін   басты бағыттарды атап өтті. Солардың бірі– «Білімнің салтанат құруы». Осы тұста Ұлт Көшбасшысы былай дейді: «Кәсiбiн неғұрлым қиналмай, жеңiл өзгертуге қабiлеттi, аса бiлiмдар адамдар ғана табысқа жетедi». Біздің оқу орнымызда, яғни Шыңғырлау колледжінде студенттерге кәсіп таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беруде де оқытушылар мен өндірістік-оқыту шеберлерінің  рөлі маңызды. Осыған орай қазіргі таңда оқытушылар  қауымының түрлі курстарда білімін жетілдіруі – оқытушының  кәсіби деңгейінің өсуіне мемлекеттің бей-жай қарамауының белгісі.

Кез келген елдің болашағы қашанда  өсіп келе жатқан ұрпағына байланысты. Сол себепті Қазақстан бәсекеге лайықты, білікті жастарды дайындауға баса назар аударып келеді. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың басында «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, бүгінге дейін оң мыңдаған ел жастары әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім алды, тәжірибе жинақтады. Ел аумағында жоғары деңгейдегі университеттер ашылып, зияткерлік мектептер қалыптасты. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Заман жаңарған сайын, білім беру саласын да жетілдіріп отыру қажет.

 Білім – табысты болудың басты факторы. Ол ел жастарының болашағына ғана емес, бүтіндей мемлекеттің дамуына әсер етеді. Қазір экономика, өнеркәсіп, өндіріс салалары көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуда. Яғни, технологиялық революция. Енді бір он жылдан кейін қазіргі кәсіптердің кейбірі жойылып, жаңа түрлері пайда болуы мүмкін. Ал, оларды игеріп кете алатын жастар елімізде де болуы керек. Бәсекеге қабілеттілік дегеніміздің бір парасы осында жатыр. Жастар еліміздің болашағы десек, еліміздің ертеңгі тағдыры сол жастардың қолында. Еліміз болашақта қандай болады? Ол ел тізгінін ұстар жастарға байланысты болмақ. Сондықтан, Мемлекет басшысының мақаласында айтылып отырған заман талабына сай жастарға білім беру жайы өте маңызды. Өз басым үш тұғырлы тіл саясатын толық қолдаймын. Шыңғырлау колледжінің инженерлік-педагогикалық ұжымы да осы орайда күнделікті бос уақыттарын тауып ағылшын тілін бір кісідей үйрену үстінде. Өйткені, қазіргі жастар үшін компьютер, интернет тілі саналатын ағылшын тілін меңгерудің маңызы зор. Қазір заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Кешегі жаңа технология саналған жетістік бүгін ескіріп, пайдаланудан шығып жатады. Осыған орай, жастарға заман талабына сай білім беруге жете көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймын. Мәселен, 3d принтер деген бар. Оны пайдалану арқылы кез-келген нәрсені жасап шығаруға болады. Тіпті, сіз ол затты жасауды білмейтін болсаңыз да, әлгі құралдың көмегімен оп-оңай істеп аласыз. Мұны жастар білуі қажет. Менің ойымша, білім деген тек жоғары немесе кәсіптік-техникалық оқу орнын бітіріп, диплом алып шығу емес. Қос-қостан дипломдары бар, бірақ еш жерге жұмысқа жарамай жүрген жастар да кездеседі. Сондықтан, білім ең алдымен кәсіпке лайықталып берілуі қажет. Бұл арада жастардың сол болашақ мамандығына деген ынталылығы үлкен рөл атқармақ.     Техникалық-кәсіптік білім саласы алдында да үлкен міндеттер тұр. Ең басты міндет – білім сапасының тиісті талап деңгейіне сай болуы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірінші жұмысшы мамандығын тегін беру бағдарламасы жасалды. Солардың бірі биыл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» және «Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрықтарын  басшылыққа ала отырып колледж облыстық кәсіпкерлік палатасымен бірігіп жұмыс жасауда.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында концептуалды мәселелер қозғалған. Атап айтқанда, ұлттық сананы жаңғырту ерекше орында тұр. Рухани жаңғыру үшін ұлттық менталитет пен ұлттық кодтың сақталуына айрықша мән беруіміз қажет. Егер ұлттық менталитет әрбір ұлттың өзіндік бітім-болмысы болса, ал ұлттық код – рухани сананың алтын өзегі болуға тиісті. Сондықтан да Елбасы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу» деп орынды атап көрсетті. Мемлекет басшысының аталмыш бағдарламалық мақаласындағы көкейкесті ой-пікірлерді Шыңғырлау колледжі  күнделікті оқу-тәрбие үдерісінде іс жүзіне асырып отыр. Жастарға осы жолдан тайынбай, еліміздің үміті мен сенімін ақтар сауатты тұлғасы болып қалыптасуларына атсалы-
самыз.

Ләззат Нұрмұқанова,

Шыңғырлау колледжі

директорының

 оқу-ісі жөніндегі

орынбасары