Өткен аптада Шыңғырлау аудандық БЖСМ кешенінде  тұрғындарды мазалап жүрген мәселелері, көкейкесті  сұрақ-сауалдары немесе ұсыныстары мен өтініштері, арыз-шағымдары бойынша қоғамдық қабылдау жүргізу мақсатында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды.

Спорттық кешеннің  үлкен ойын залына ұзын саны 30 мекеме мен ұжым басшылары жиналды. Бұл туралы бір апта бұрын қоғамдық орындар, сауда нүктелері мен өзге де адамдар көп жиналатын орындарға хабарландырулар ілініп, әлеуметтік желіде хабарламалар берілді.

Таңғы уақыттан түс әлетіне дейін созылған шараға бар болғаны екі тұрғын келіп жолықты. Олардың мәселелері баспанаға қатысты екен. Әуелі аудан әкімінің орынбасарына, кейін аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарына жолыққан олар, қажетті мәселелеріне нақты жауаптарын алды.

Келушілердің сиректігін халық арасында аса мазасыздықтың жоқтығы, яғни, нақты шешімі табылмаған түйінді мәселелердің болмағандығы деп бағаладық. Қазіргі таңда газы, суы, жылу мен жарығы түгел қамтылып, көшелері асфальттанған, жарықтандырылған, қажет еткен жандарға салынған жаңа үйлер немесе қалауына қарай жер телімі де беріліп отырған уақытта көп сауалдың болмауы заңды құбылыс.

Бұл ауыл өмірлерін қалалық қалыпқа мейлінше жақындату, жағдай жасау жұмыстарының тиянақты және қалыпты жүргізіліп келе жатырғандығының нақты көрінісі.

Қаршыға АСУҰЛЫ

Суретті түсірген: автор