Бүгінгі  таңда  қоғам алдында жастардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, өзін-өзі пайдалы іспен қамту мәселесі тұр. Осы мәселені шешу бағытында Шыңғырлау ауданы әкімдігі аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының» жанынан «Birlik - UNITY» коворкинг орталығы өз жұмысын бастады.

Бұл орталықтың мақсаты - жастардың бос уақытын  қызықты, пайдалы әрі мазмұнды өткізу. Коворкинг аймақтарында келесідей форматтағы шараларды өткізуге болады: дәрістер, мастер-класстар, семинарлар, презентациялар, білім беру сабақтары және тағы басқалар.

Орталық жұмысына қызығушылық танытып отырған аудан жастары қазіргі кезде өздерінің ұсыныстарымен бөлісіп, бүгінгі белсенді жастардың ізденісін қолдауға, өзара тиімді байланыстарды жолға қоюға, түрлі тақырыптық шаралардың бұқаралық сипат алуына қол жеткізу жолдарына баса назар аударуда.

Тек қана тақырыптық басқосулармен аяқталатын кездесулерге қарағанда бұл орталықта жастардың ғылыми ізденуіне де, тың бастамаларымен көзге түсуіне де басымдық берілмек. Ендеше, жастарға жасалып отырған қолайлы мүмкіндік деп білгеніміз жөн.

А.Муса