Кеше аудан басшысы Альберт Есалиев аудандық ауруханада болып, дәрігерлермен кездесті. Ауданның денсаулық саласындағы бүгінгі тыныс-тіршілікті бағамдап, қызмет бабына сәйкес жиындарға да көп қатыса алмайтын ақ халаттылармен жыл басында жүздесуді мақсат еткен аудан басшысы денсаулығына дауа іздеп келушілердің қабылдауға электронды тіркелуі қызметінің жай-жапсарын анықтап, аурухананың қабылдау бөлмелерін аралап, мамандармен әңгімелесті.

Жұмыс барысындағы міндеттер, келушілер легі, көп шағым түсетін сырқат түрлері тұрғысында қанығып, бас дәрігер Қылыш Жазықбаевпен алдағы бірқатар қажеттер мен ке-
ректі жұмыстар тұрғысында ақылдаса жүрді.

Ауданымыздың денсаулық саласы бойынша12 қызмет көрсету түрі бар. 29 дәрігер және 113 орта буынды медицина мамандары қызмет етіп жатыр. Өткен жылдың өзінде 6 дәрігер және 4 орта буынды жас мамандар келген.

Жалпы есептегенде 850 адам тұмауға қарсы егіліп, аудан бойынша 1600 адам қан қысымы, жүрек сырқатымен тіркелген. 25 адам жүрек отасынан кейін, стенокардия сырқатымен тіркеуде тұр екен. Дәрігерге дейінгі кабинет, әйел, ер адамдарды қарау бөлмелері дұрыс жұмыс жасап тұр, психология кабинеті медқызметкерлерді ғана емес, жалпы келушілерге де қызмет көрсетуде. Ауруханаға күніне орта есеппен 120-130 адам қаралып отырады. Қан алу бөлмелері мен зерттеу-сараптау кабинеттері жақсы жабдықталған. Аурухана бойынша 4 жалпы практикалық дәрігер жұмыс жасап тұр, олардың біреуі арнайы ауылдан келуші сырқаттарды қарауға бекітілген. Қан-тамыр аурулары дендеп тұрған уақытта онкологиялық сырқаттар да басты назар аудартып отыр. Бүгінгі аурухана алдында онкологиялық сырқаттарды ерте кезеңінде анықтау міндеті тұр, себебі, І немесе ІІ кезеңінде анықталған сырқат емдеу-ге келеді. Ал, ІІІ кезеңінде кешігіп қалу қаупі зор.

Қазіргі таңда 203 сәби дүниеге келіп, бірде-бір ана өлімі тіркелмеген.

Бүгінгі уақыттың тағы бір мәселесі семіздіктің етек алуы. Бұл сырқаттануға бастайтын бірден-бір жағдай болғандықтан, аудан дәрігерлері семіздіктің таралуына аса алаңдаулы. Сондай-ақ, өкпе ауруларынан сақтанып, салауатты өмір салтына бейімделу қажеттігін жиі айтуда.

Аудан әкімі емхана мен жұқпалы аурулар бөлімі, перзентхана мен  аурухана асханасы, жедел жәрдем бөлімі, терапиялық, хирургиялық бөлімдерде болып, сырқаттармен де тілдесті. 

Бұдан  соң  А.Есалиев дәрігерлермен жиын өткізіп, мазалап жүрген көкейкесті мәселелеріне назар аударып, сауалдарына жауап берді. Аудан басшысының өздерімен арнайы дидарласып,  хал-ахуал сұрасқан ізгі қадамына аса разылық білдірген ақ халаттылар баспана мәселелері, көшелер жарығы, қоқыс жәшіктері, бұралқы иттердің көбеюі тұрғысында ұсыныстары мен өтініштерін ортаға салды.

Қаршыға Елемесов

Суретті түсірген: автор