Қаңтар айының 26-29 күндері аралығында облысымыз орталығында гір тасын көтеруден ірі чемпионат өтті. Білек күші мен қол қуаты сынға түскен ауқымды жарысқа облыс орталығы мен аудандардан көптеген командалар қатысты. Шыңғырлау ауданынан осы спорт түрінен жергілікті спортшыларды жаттықтырып, бірқатар бәсекеде үнемі басым түсіп жүрген мықты шәкірттерімен белгілі бапкерлер Мақсот Юсупов пен оның шәкірті, спорт шебері Жұбаныш Түймешовтың  командасы қатысты. Команда құрамында 25 спортшы болды.

Біздің барлық спортшыларымыз мақтанарлық нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарды көп алды.

Жалпы командалық есепте де І орынды Шыңғырлау командасы жеңіп алды.

Аудан мерейін асырған тамаша көрсеткіштің бірі осы жарыста орын алды, яғни, ауданымыздың 16 жасар спортшысы Алпамыс Тажекешов «Спорт шеберіне үміткер» дәрежесінің нормативтік талаптарын асыра орындап шықты. Ол 24 келілік екі гір тасын (ұзын цикл нұсқасында) 59 рет көтерді. Бұл спорт шеберлігіне үміткерлік талаптарынан екі ұпайға артық көрсеткіш. Осылайша, жігерлі жеткіншек алдағы айдың 14-де Керекуде (Павлодар қаласы) өтетін Қазақстан чемпионатына жолдаманы жеңіп алды.

Алпамыстың бұған дейінгі жеңістері көңіл тоғайтады. Ол қазіргі таңда облысымыздың үш дүркін жеңімпазы. Ауданымыздың Тасмола ауылында туып-өскен жеткіншектің осындай ірі жеңістері оның болашағынан зор үміт күттіреді.

Жоғарыда аталған Қазақстан чемпионатына ауданымыздан 5 жас спортшы барады. Оларды белгілі бапкерлер М.Юсупов пен Ж.Түймешов жаттықтыруда.

Бүгінгі таңда гір спорты жөнінен облыста бірінші орынды иемденіп, ауданымыздың мерейі асқақтап тұр. Бұл тынымсыз еңбек, тиянақты жұмыстың нәтижесі.

Қ.Елемесов