Шыңғырлау өңірі көкірегіне жыр қонған ақынжанды азаматтарға кенде емес. Сондай азаматтардың сапында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жергілікті ақын азамат Қаршыға Асуұлы Елемесов те бар.

Қаңтар айының 25 жұлдызында Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінде мектеп ұжымының ұйымдастыруымен жыр әлемінде шабыттың тұлпарын тізгіндеп, қолына киелі қалам ұстаған ел азаматының өнегелі өмірі мен шығармашылығына арналған «Сали-қалы сұхбат»  атты әдеби-сазды сағаты өткізілді. Ақынның өнеріне тілеулестік танытып, ақжарма тілектерімен, әдемі естеліктерімен бөлісе келген қонақтар қатарында ақынның анасы Маруся апай, бауыры Аймырза Лекерұлы, замандастары  Гүлжамал Жұмағазиева, Сансызбай Сұлтанғалиев, Светлана Бәйтенова сынды тұлғалар да осы кештен табыла білді. Сонымен қатар, аудандық кітапхана қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері, оқушылар қауымы да өнер бұлағынан сусындап, мазмұнды шараның көзайымы болды.

Кеш шымылдығы Қаршыға Асуұлының  өмір жолынан сыр шертетін бейнеүзінді мен «Өмір ғой мені үйреткен» атты өлеңімен ашылды. Кейін кейіпкердің балалық шағына, баспасөздегі қызметіне, өнер жолына байланысты көрермен көкейінде жүрген сан түрлі сұрақтар қойылып,  салиқалы сұхбатты мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, ақындық өнерге бет бұрып, жас болса да болашағынан зор үміт күттіретін Байболатов Саматтың жүргізушілігімен  жалғасын тапты. Ақынның өзі оқыған өрелі өлеңдерімен, киелі домбырамен әуелете шырқаған әні жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Сұхбат барысында кеш қонақтары да көсіле сөйлеп, жылы лебіздерімен, естеліктерімен бөлісіп отырды.

Сұхбат соңында Қаршыға ақынның сөзіне жазылған жерлес композитор Қайрат Темірғалидің «Шыңғырлау вальсі» әнін Сансызбай Сұлтанғалиев орындап,  кеш қорытындыланды.

К.Ислямқұлов,

Шыңғырлау ОЖББ мектебінің

тәрбие жөніндегі орынбасары