Бүгін ауданымыздың ауруханасында халықты қабылдау жұмысы жүріп жатыр. Ерекшелігі сол, бұл қабылдауды Ақсай қаласынан келген білікті невропатолог- дәрігерлер, ағайынды Қожат және Төлеген Қазиевтер жүргізуде. Бүгінгі күні халқымыз бірауыздан қолдап, атсалыса алып кеткен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы Елбасымыз атап өткен азаматтардың туған елі, жері, ауылына қамқорлығы, қолдауы, қаржылай немесе рухани көмегі еліміздің барлық өңірінде нақты қадамдармен жүзеге асып жатыр.

Сондай ізгі қадамдардың бірі-осы медициналық қабылдау, халық денсаулығына үлес қосу болып отыр.

Қос дәрігерді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Қылыш Жазық-баев күтіп алып, қабылдауға барлық жағдай жасауда. Қабылдауға келушілер де нақты тізімге алынып, кезекті түрде қабылданып жатыр.

Төлеген Қазиев, невропатолог-дәрігер:

-Біз қабылдауды тегін жүргізудеміз, бұл туған ауылымызға, ауылдастарымызға көрсетер көмегіміз. Денсаулық- ең маңызды мәселе, оған ықтияттылықпен қарау, қолдан келсе емдеп беру үлкен көмек қой. Біз осы мақсатты алға ұстап келдік.

Жалпы дәрігер бір жұмыс күні ішінде 30-40 адамды қабылдауы тиіс, біз мұнымен шектелгіміз келмейді, уақытымыз жетсе қабылдай береміз.

Осы ауданда туып-өскен қос азаматтың ізгі ниеті мен игі қадамы көңіл тоғайтады. Әр азаматтың жүрегі, түсінігі осындай деңгейден табылса нұр үстіне нұр емес пе?!

Ағайынды дәрігерлер 2 күн қабылдау жүргізбекші.

Ақ халатты абзал жандардың көмегіне халық қашанда зәру.

Бұл күнде басы ауырып, балтыры сыздамайтындарды табудың өзі қиын. Осы тұрғыдан алғанда қос жерлес дәрігерлердің елге келіп, елеулі еңбек атқарғанын жақсылықтың ны-шаны деп қабылдағанымыз жөн.

“Әркімнің туған жері “Мысыр шаһары” деген тәмсіл бар. Солай десек,  Елекке шомылып, осы жерде оқып өскен қос Қазиевтердің бастаған игі істері басқа да жерлестерге жұғысты болса игі.

Елге шипалы ем жасап, қамқор қолын созған қос азаматқа табыс, денсаулық, ізгі жоспарлар тілейміз.

Адақ Шотпанов