Текті бабалардың арманын, Тәңірден тілегін тез берген Тәуелсіздік жылдарында өнер мен мәдениет қоғамның қашанда қозғаушы күші ретінде жіті даму кезеңінен өтті. Мәдени мұрамызды заманауи үнмен үйлестіре отырып, мәдени даму жаңа қарқынмен жүзеге аса берді. Шыңғырлау ауданы да бұл көштен кенже қалмай, жергілікті шығармашыл тұлғаларымен, өнерпаз ұл-қыздарымен алға басты. Осылайша жаңа дәуірдің, еліміздің жасампаз бүгінін жырлаған әншілер, биші-өнерпаздар, өнерлі отбасылар ансамбльдері, тұтас ұжымдар өмірге келді.

Осындай еркіндікті паш етіп, Тәуелсіздікке тәу еткен аудан мәдениетінің егемендік жылдардағы бір жемісі- аудандық мәдениет үйінде буынын бекіткен «Еркем-ай» бишілер тобы мен «Жас дарын» вокал үйірмесінің есептік концерті болып өтті. «Менің елім- Қазақстан!» тақырыбындағы бағдарлама би тобының өнері мен вокалдық орындаулармен араласа өрбіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Жалпы бағдарлама «Еркем-ай» би тобының (жетекшісі Гүлім Нұрғалиева) «Шолпы» биімен бастау алып, «Жас дарын» вокал тобының әншісі Сұлужан Задыгердің өнерімен   жалғасты.

«Еркем-ай» би тобының жетекшісі Гүлім Нұрғалиеваның өзі орындаған «Мәңгүрт» хореографиялық композициясы жаугершілікпен күні өткен қазақ елінің қаралы бір кезеңінің сәтті суреттемесі болып шықты. Үлкен LED- экранда бейнебаянмен бірге өрілген сахнадағы би баласының мүшкіл хәлін қайтіп түзетерге білмеген ғаріп ананың қасіретті хәлін көркем беріп, көрермен тынысын ішіне тарта тамашалаған қойылым болды. Тұтқынға түскен азамат жігіттің, қатыгез жаудың жауыз үкімінен есі кіресілі-шығасылы бейшара пендеге айналуы кімді де болса толғантпай қоймайтын еді. Иә, қапелімде, қайғы-қасіреттің қандай болатынын көз алдынан өткерген көрермен, бүгінгі Тәуелсіздіктің, егемен еркіндіктің қадірін және бір түйсінгендей болды. Әрине, бұл тұрғыда, осы ауыр сәтті көрерменіне дәл жеткізе білген биші шеберлігіне тәнтілік бар.

 Вокал жанрындағы әндер де тартымды, көркем орындалып жатты. Әнші балалардың дауыстары да дұрыс қойылып, ән айту, сахна мәнеріне төселіп қалған. Көп алдына кідірмей шығып, іркілмей ән орындаған ұл-қыздардың дұрыс тағлым алып жүргендері байқалады. Бұл тұрғыда үйірме жетекшісі Әмірхан Жұбаниязов нәтижелі жұмыс жасап келеді. Шәкірттері аудандық, облыстық түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатысып жүрген маманның жұмысының жемісі осы кеште де бір екшелді. Осылайша бимен көркемделіп, әнмен әдіптелген әдемі кеш өз көрерменін аса тәнті етіп барып аяқталды.

Өнерді қадір тұтқан, биікке көтерген өңір тұғындары, өнерпаздар концертіне разы пейілде тарқасты.

Ал, Шыңғырлау өңірі өз өнерпаздарымен әрдайым абырой биігінде болатынын тағы бір дәлелдегендей.

Қаршыға Асу