Жаңа жыл қарсаңында аудан мектептерінің оқушылары аудандық мәдениет үйіне жиналды. Аудан әкімінің шыршасы дәстүрге айналған қуанышты шара екеніне көпшілік тағы куә болды.

Әсем шырша жанында сәнді киім киген балалар айнала билеп жүр. Сан алуан костюм киген, жүздері бал-бұл жанады. Мерекелік кештің шымылдырығын ашып, балаларды құттықтауға келген аудан басшысы Альберт Есалиевті балалар қуана қарсы алды. «Еркем-ай» бишілер тобы қыс көрінісіне арналған әсем билерін тарту етіп, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Альберт Темірболатұлы оқушы-ларды шырша тойымен құттықтап, жақсы оқумен, үлгілі тәртіптерімен ата-аналарын, ұстаздарын қуанта беруді тіледі. Болашақ иелері болатын балалардың өмірлері бақытты, көңілдері қуанышты болсын деген ақ тілегін жеткізді. «Жаңа жыл» жаңа әннің түрленуі, Жаңа жыл ақ арманның өрленуі дегендей, осыдан соң балалар өнерінің мерекелік көрінісі қалықтап жүре берді.

Дәстүрлі Аяз ата мен Ақшақардың келуін көпшілік қол шапалақтап қарсылады. Шырша тойы барысында аудандық мәдениет үйі мен аудандық білім бөлімі бір-
лесе жасаған көріністер, ән мен би, тақпақтар кезектесе өріліп, кеш ажарын одан әрі асқақтата берді.

Барлық ауылдық округтерден келген балалар өз өнерлерін ортаға салып, Аяз Ата мен Ақшақардың сыйлықтарына кенелді.

Салтанатты шараның ең бір есте қалар сәті де келіп жетті. Аудан әкімі әр мектептен келген балаларға жаңажылдық арнайы сыйлықтарды табыс етті. Жылы күртеше, қысқы аяқ киім, спорттық киімдерді иеленген оқушылар келген жылға ризашылықтарын жасыра алмады. «Берсең, балаға бер» -дейді халқымыз. Келген 2018 жылды балаларды риза етумен бастаған ауданымызда жақсылықтар көп болғай. Келген жыл көңілдерге қуаныш сыйлап, халқымызды береке мен бірлікке бастай бергей!

Адақ Шотпанов