Аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының ғимаратында аудан жастары бас қосқан аудандық «Жас Отан» Жастар қанаты бөлімшелерінің съездалды жиналысы болып өтті.

Бүгінгі мемлекетіміздің адами капиталының ең белсенді, жаңашыл күші болып табылатын жастар қозғалысының негізгі өзегі, біріктіруші алқасы– «Жас Отан» Жастар қанаты болып отыр. Жасампаз еліміздің және өз болашақтарын құруда жаңа мүмкіндіктер, жаңа бастамаларымен, сондай-ақ, заманауи білім, көзқарас, идеяларымен бүгінгі уақыттың беталысын ел дамуының тиімді бағытына бұратын жан-жақты, бәсекеге қабілетті күш ретінде жастар саясатын жүзеге асыратын осынау саяси қозғалыстың алдағы қараша айында республикалық деңгейдегі IV съезі өтпек. Осы ауқымды шараның алдында аудан жастарының тыныс-тіршілігі, ауылдық жерлердегі жастар қанатының бастауыш ұйымдарының жұмысы тұрғысында есептік баяндамалар оқылды.

Жалпы аудан бойынша аталған бағыттар туралы есеп «Жас Отан» Жастар қанаты аудандық филиалының атқарушы хатшысы Э. Хабдуловтың баяндамасында нақты көрсетілді. Жыл бойына атқарылған жұмыстар қатарында қысқы «Көңілді старт» ойындары, патриоттық бағыттағы әскери-жаттығу ойындары,  ұлттық және мемлекеттік мереке аясындағы түрлі мәдени шаралар, сананы улап алатын діни теріс ағымдардан сақтану, олардың жастарға зиянын тигізбеуі тақырыбындағы дөңгелек үстелдер, пікірсайыстар, жиындар, денсаулық күтімі, спорттағы белсенділік және отандық патриотизмді дәріптеу, насихаттау бағытындағы шаралар көптеп өткізілген. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесе отырып, мұқтаж отбасыларға, қамқоршысы жоқ жалғызбасты зейнеткерлерге, еңбек ардагерлеріне қол көмегімен жәрдем шаралары да айтарлықтай жиі жүргізіліп отырған. Мұның, әрине, жас буынның бүгінгі рухпен бұғанасы бекіп, ертеңгі еңселі ересектікке бастар оңды тәжірибе алу жолы екені белгілі. Бұдан басқа қоғамдағы зиянды дертке саналатын есірткі тәуелділігінен жас буынды сақтау, алдын алу аясындағы шаралар да жастар назарынан тыс қалмаған. Бұл тұрғыда жергілікті денсаулық сақтау орындарымен бірлесе отырып, аталмыш тақырыптағы профилактикалық шаралар, әңгімелесулер мен мамандармен кездесу жұмыстары ұйымдастырылған. Дәл осындай жұмыстар аудан орталығындағы Шыңғырлау колледжінде жыл бойына тұрақты ұйымдастырылып отырған. Бұл туралы осы оқу орнының  тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Э.Багиджанова баяндамасында тоқтала айтып өтті.

Жастардың әлеуметтік қамтылуы тұр-ғысындағы жұмыстар қатарында 12 жас маманның «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында үй алуы, 18 жас маманның көтермеақыға ие болуы, сондай-ақ, 34 студенттің жастар практикасы аясында жұмысқа орналасқаны айтылды. Бұл бағытта «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша да бірқатар жастар жұмыс атқарып, өзіндік үлестерін қосқан. Жалпы есепте, салыстырмалы түрде алып қарағанда 2015 жылы осындай бағытта 225 шара, ал, 2016 жылы 248 шара өткізілген. Бұл тақырыптағы биылғы жылдың үлесі жыл аяғында белгілі болмақ.

Жиын барысында аудан жастары арасынан жас маман С.Байболатов жастармен жұмыс барысында мәдени шаралармен қоса, әдеби-танымдық, жергілікті тұлғалармен жастар кездесуі, өмірі өнеге жандармен пікір алмасу, үлгі ету мақсатындағы шаралар да қажет екендігін айтты. Бұл ұсыныс қаперге алынып, жұмыс жоспарына енетіндігі ескерілді.

Жиынды  жүргізген “Нұр Отан”  партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Бәйтенова жиын күн тәртібіндегі мәселе бойынша қараша айына белгіленген «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезіне делегаттыққа Э. Хабдуловты ұсынып, дауысқа салды. Ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, жиын түйінделді.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ