Өткен аптаның сенбі күні аудан тұрғындары, салалық ұжымдар қызметкерлері, жастар қатысқан аудандық БЖСМ кешенінің алдындағы алаңдағы таңғы жаттығудан бастау алды. Таңғы жаттығуды самбо күресінен әлем чемпионаттарының алтын, күміс медальдерінің иегері, жерлесіміз Қайсар Құсайынов жүргізді.

«Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын орындау мақсатында аудандық прокуратураның бекітуімен, ауданның атқарушы органдарының келісімімен бірлесе жасақталған жоспары негізінде оздырылып отырған аталмыш ауқымды шара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру жəне спорт бөлімі ұйымдастыруымен оздырылды.

Қазақстан Республикасында салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің 20 жылдығына орай және қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатындағы «Денсаулық күні фестивалі» атауымен өткен бұл шарада күрес, бокс жаттығуларынан көрініс көрсету, гір тасын көтеру, велосипедпен кедергі жолдардан өту үлгілері көрсетіліп, мекемелер ұжымдарынан құралған командалар эстафеталық сайысқа түсті. Сынға түскен командалардың нәтижелері халқымыздың «арқан тарту» ойынымен жалғас тауып, жеңімпаз командалар анықталды. Түс әлетінде барлық қатысушылар велосипедтеріне отырып, мәре басына жиналды. Осы жерден ұйымдастырушылардың бұйрығымен көпшілік веложорық басталып, аудан орталығының негізгі көшелерін аралап өтіп, мәре басына жарты шақырым жерден жарысқа көшті. Мәре сызығын бірінші кескен ер және әйел спортшылар белгіленіп, шара соңы жарыс дипломдарымен, бағалы сыйлықтармен марапаттау рәсімімен түйінделді. Аймақ көлемінде веложорықты жəне жеңіл атлетиканы дамыту және көпшілікке таратуды мақсат еткен веложорық аудандық прокуратураның ұсынысымен ұйымдастырылды. Веложорық нәтижесінд еқатысушылар ішінен ерлер арасында Д.Лепин 3- орын, К.Сарсенов 2- орын жəне М.Амангелдин 1- орынға ие болды. Ал, әйелдер-қыздар арасында 3 орынды Г.Исламкулова, 2 орынды А.Юмабаева жəне 1 орынды А.Умарова жеңіп алды.  Жорыққа қатысқандар арасынан Ерболат Ақмурзин «Ең үлкен ардагер» және Санжар Ұзақбаев «Ең жас спортшы» аталымдарымен марапатталды. Барлық жеңімпаздар “Шыңғырлау” спорт клубы атынан арнайы сыйлықтармен дипломдармен марапатталды.

Туризм және экология орталығының ұжымы «Шылымды кәмпитке алмастыр!!!» атты тағлымды акцияны ұйымдастырып, фестиваль қатысушыларынан 50 тал шылым жинап алды, оларды сол көпшіліктің көз алдында өртеп жіберді. Бұл аудан жастарына үлгі болсын деген ниетпен жасалған шара болатын.

Аудандық орталық аурухана ұжымы арнайы «Медицина қалашығын» ұйымдастырып, қатысушыларға қан қысымын өлшеу, қандағы қант, холестерин мөлшерін анықтау қызметтерін ұсынып, денсаулықты күту  жөнінде дәрігерлік кеңестер берді.

Жалпы алғанда, тұрғындардың назарын салауатты өмір салтына, зиянды ғадеттерден арылуға, спортқа бұруға үндеген шара жақсы деңгейде өтті.

 

Бүгінде барша еліміз жаңа тұрпатты жаңғыру, заманауи жаңару дәуірін бастан кешуде. Бұл біздің елдігімізді сақтай отырып, бәсекеге қабілеті мемлекет, соның ішінде бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға нақты қадам басқан кезеңіміз. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру- болашаққа бағдар» мақаласының негізгі өзегі де осы ұлттық бірегейлігімізді сақтай отырып, әлемдік аренада иық теңестіре алатын қабілетті, сапалы ұлт қалыптастыру, уақыттың бізге берген мүмкіндігін тиімді және толық пайдалану туралы болған еді.

Бұл бағыттағы Шыңғырлау ауданы бойынша  қолға алынған шаралар қатарында білім саласындағы жаңалықтар мен бұқаралық денсаулықты нығайту, спортқа деген оң көзқарасты халық санасына сіңіру мәселелері бар.

Бұлай деуге себеп болып отырған аудандық әкімшілік, прокуратура және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен жүзеге асырып жатырған ортақ жоба. «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын орындау мақсатында аудандық про-куратураның бекітуімен, аудан-ның атқарушы органдарының келісімімен бірлесе жасақталған жоспары негізінде ауданда әр аптаның басында аудандық БЖСМ спорт кешені алдындағы ауқымды алаңға аудан тұрғындары, мекеме басшылары мен ұжымдары, жастар  жиналып, таңғы жаттығу жасауды қолға алды. Бүгінде бұл соңғы бір айдан бері жүзеге асырылып келеді. Жаттығуларды ауданымыздың ардагер спортшылары, спорт саласындағы танымал тұлғалар жүргізіп, шара тұрақты қалыпта үрдіс алып отыр. Жұмысқа дейінгі жарты сағатын аяқ-қолын созып, дене құрысын жазуға арнаған ауыл тұрғындары да сергек атсалысып, осынау денсаулыққа тиімді сәтке разылық білдіруде.

Бұл туралы ұйымдастырушылар тарапынан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт саласының бас маманы Тілеген Қалиев былай дейді:

-Бұл тұрғындар үшін аса қажетті шара, денсаулықты жақсартумен қатар, жалпы бұқараны спортқа тарту мәселесіне оңтайлы қадам болып тұр. Елбасымыздың ұстанып отырған елдік саясатының басты қағидаттары сапалы ұлт қалыптастыруды, бәсе-кеге қабілетті халықты даярлауды негізге алып отыр. Ал, бұл дегеніңіз жер-жерлердегі осындай шағын бастамалардан, шаралардан бастау алады. Сонымен қатар, қоғамдағы құқықбұзушылық-тың алдын алу, тұрғындар, аудан жастары арасында спортқа көбірек мән беріп, бос уақытты осындай игі істермен толтыру сынды бағытты да осы шаралар арқылы жүргізіп жатырмыз.

Көпшіліктің таңғы сергу сәтін жүргізіп жүрген белгілі самбо және дзюдо күресінен  жаттықтырушы Қайсар Құсайынов тұрғындардың қатысу көрсеткішінің жоғарылығын айтады. Бұл тұрғыда аудандық әкімшілік ұжымы, қаржы бөлімі, аудандық статистика, кәсіпкерлік, прокуратура ұжымдары, орталық аурухана және аудандық мәдени-демалыс орталығының ұжымдары белсенді атсалысуда.   

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдірсе, бүгінгі қоғам осы кемелденудің  басты екі бағыты- ұлттық саналылық, яғни, білім және ұлттық салауаттылық, яғни, денсаулықты нығайтуы тиіс. Сапалы ұлт, «дені сау қазақстандықтар» деген ұғым да осы жұмыстардан бастау алады. Ал, бізде бұл жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.