Ертеңіңді болжағың келсе,
Еліңнің кешегісін танып ал.
М.Әлімбаев 


рисунокҚұлан тарамысын созып, қыран кереге қанатын жайған ұлан ғайыр қазақ даласының тарихы сан ғасыр шежіресін артқан талай ауыр томдарға жүк болса да,әлі де толық айтылып бітпепті. 
Әлімсақтан сәйгүлік мініп, сайын дала самалына с үңгіп, еркін сайран салған сақ, сармат бабамыздан бері талай тарих қатталып, туған жер төсіндегі әр тас, әр тау мен әрбір бұта шежіреге айналған – тын. Біздің бұл басылымда әңгіме қылмағымыз да осынау ұлы тарихтың титімдей бір бөлшегі, шежірелі Шыңғырлау өңірінің тарихи мұрасы, көне жәдігерлері мен ежелгі ескерткіштері туралы болмақ. 
Таң торғайы шырылдап, құланиектеніп қүн шуағы төгілгенде осы өңірдегі төбесін алғаш күн шалатын белгілі биік таулар, ғасыр ескерткіштері, қорымдар мен ескі бейіт – зираттар тарихы бүгінде сол тарихты зерттеуші аға буын ғалымдар, тарихшылар көзімен сыр шертеді.
Бүгінгі Шыңғырлау ауданы көлемінде нақты зерттелген, тұжырымдар жасалып, тарихи және мәдени мұра мәртебесі берілген 183 археологиялық ескерткіштер жиынтығы бар. Бұлардың барлығы арнайы қатталып, бірнеше тарихи басылымдарға шықты. Дегенмен біз өз оқырманымызға осы жәдігерлерді тарихи деректерге сүйене отырып, тағы бір сарапқа салып өтіп, өз өңіріміздің қазақ тарихындағы өзіне тиесілі орнын анықтап беру. 
Аталған жәдігерлер ішінде көп жағынан ерекше, бірегей Еуроазиялық дерек болып есептелетін Үлгілі ауылы маңындағы бейітте және 2002 жылы әлемдік каталогқа кірген Лебедевка ауылы маңындағы бейіттік кешендер де бар. Бұл маңда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары тас ғасырына жататын тіршілік іздерін, жекелеген тұрақтар мен орындарды, сонымен бірге пластина, микролит және нуклеус бейнесіндегі тас құралдарды тауып отыр. 
Кейінгі кезеңнің ескерткіштері, қола дәуірінен орта ғасырлық дәуірге дейінгі аралықтағы ескерткіштер обалық бейіттер түрінде. Бұл оба- бейіттер Үлгілі елді мекені маңындағы Елекшар қорымында табылған болатын. Мұндағы көне жерлеу ескерткіштері ерте қола дәуірінің (б.з.д. ІІІ мың.ж. екінші жартысында) көне ұра (шұңқыр) мәдениетіне жатады және сол уақытта Шығыс Европа мен қазақ даласында, яғни біздің өңірімізде мал шаруашылығы қалыптаса бастаған. Жерлеу ғұрпында обалық тәсіл негізгі салтқа айналған бұл қорымдардағы қабір кешендері Б.Қ. тарих және археология орталығы отрядының қызығушылығын тудырды. Мысалы, осы зираттағы №3 қабірдегі қабір шұңқырының құрылысы, қызыл бояумен боялған қаңқа сүйектер, құрал-сайман заттар (мысалы: алқа, бұрамалы сымнан жасалған қола түйреуіштер) біздің өңіріміздің ежелгі тарихы туралы құнды деректер берген болатын. Осыннан табылған қола заттар «қоймасы», найза ұшы, лавр жапырағы пішіндес пышақ, шот балта, самай сақина мен самайға тағылатын көп орамды әшекей – балдақ, бұл қабірлердің орта қола дәуірінің жәдігері екенін айғақтайды.
Тарихи терминде прохоровтық және щиповтық деген мәдени – хронологиялық кезеңдерге жататын ерте темір дәуірінің ескерткіш обалары да біздің өңіріміздің Лебедёвка ауылы мен Елекшар маңындағы қазбалардан табылып отыр. Оңтүстіктегі Егіндікөл ауылынан Лебедевкаға дейін құлаш жайған Есен-Амантау үстіртіндегі көшпелілер тұрғызған жүздеген обалар, осы үстірттің батысынан шығысқа қарай бір шақырымға созыла орналасқан оба-қорғандар тізбегі мен Лебедевка бейітінің тіктөртбұрышты сағана – ғибадатханалары жатыр. 
Үстірттің орта тұсында скиф дәуіріне жататын ірі обалар жатыр және бейіттердің батысы мен шығысы шеттерінде ғұн дәуіріне жататын шаршы ғибадатханалар да табылып отыр. 1966 жылы оралдық өлкетанушы Б.И.Багриновтың жүргізген қазба жұмыстарынан бастап, күні бүгінге дейін Ғ.А.Қошаев (ОПИ), М.Г. Машкова (КСРО арх. институты) бірлесе жүргізген зерттеулер, бұл жұмыстарды әрі жалғастырған археолог Б.Ф.Железчиков пен В.А. Кригер жұмыстары және өткен ғасырдың 80-жылдарында облыстың өлке тану мұражайының қызметкері Б.Райымқұлов, 2002 жылы тарих ғылымының докторы, профессор М.Н.Сыдықовтың жасаған қазба жұмыстары біздің өңіріміздің тарих дамуындағы алар орнын анықтап, сонау сақ-сармат дәуірінде ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың мекен еткен ұлы дала, бүгінгі біздің туған өлке, қара шаңырағымыз екендігі көңілге үлкен мақтаныш сезімін тудырады.толығымен...