«Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің ережесі

 

1. Жалпы ережелер

1. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі аудан әкімі мен әкімдігінің қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме болып табылады.

2. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, облыс әкімдігінің қаулыларына, облыс әкімінің шешімдері мен өкімдеріне, Облыс әкімі аппаратының жұмыс регламентіне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

5. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Шыңғырлау ауданы әкімі аппараты басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

7. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 091200, Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы, Шыңғырлау селосы, Қлышев көшесі №95 үй.

9. Мемлекеттік мекеменің толық атауы: мемлекеттік тілде - «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі, орыс тілінде - государственное учреждение «Аппарат акима Чингирлауского района».

10. Осы Ереже «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

11. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылтайшысы Шыңғырлау ауданы әкiмдігі болып табылады.

«Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекеменің тиісті саланың уәкілетті органы Шыңғырлау ауданы әкімдігі болып табылады.

12. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

13. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

2. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің миссиясы, мақсаттары негізгі міндеттері, қызметінің нысанасы мен функциялары, құқықтары мен міндеттері 

14. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің миссиясы және мақсаттары Шыңғырлау ауданының атқарушы билік органының қызметін сапалы және мерзімді ақпараттық-талдаулық қолдау және ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету болып табылады.

Ақпараттық қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

15. Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының негізгі міндеттері мыналар болып саналады:

1) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы, 1-тармағына сәйкес аудан әкімінің қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-құқықтық, және материалдық-техникалық қамтамасыз ету;

2) аудан әкімі мен әкімдігі актілерінің, әкімнің, әкімнің орынбасарларының және аудан әкімдігінің тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру және бақылау;

3) аудан әкімі мен әкімдігі актілерін, аудан әкімі және оның орынбасарларының, аудан әкімдігі тапсырмаларын пәрменді, дер мерзімінде және мінсіз орындау;

4) аудан әкімін, оның орынбасарларын және аудан әкімдігін Шыңғырлау ауданы аумағындағы істің жай-күйі туралы дер мерзімінде және толық хабардар ету.

16. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметінің нысанасын асыру үшін келесі функциялар болып табылады:

1) өз құзыры шегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын әзірлеуге қатысу, мемлекеттік бағдарламалардың және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының іске асырылуын  қамтамасыз ету және бақылау, ұсыныстар әзірлеу арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын аудан аумағында іске асыруға қатысады;  

2) орталық атқарушы орган уәкілеттік берген өкілеттіктерге сәйкес республикалық бағыныстағы кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қызметін үйлестіреді, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, республикалық бағыныстағы аумақтық органдардың қызметін үйлестіреді және өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді;

3) Шыңғырлау ауданының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын, оны іске асыру, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру тетіктері мен әдістерін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеуге қатысады, осы мақсаттарда аудан аумағында атқарушы билік органдарынан талдау жүргізуге қажетті ақпараттарды сұрату және дер мерзімінде алу арқылы олардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, аудан әкімі мен әкімдігінің актілерін дайындайды, олардың орындалуын бақылайды, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша ұсыныстар мен болжамдарды жасақтайды;

4) Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етеді, аудан әкімі мен әкімдігі актілерінің орындалуын бақылайды;

5) өндіріс, импорт алмастыратын өндірістерді дамыту үшін шетел кредиттерін және инвестицияларын тарту саласында дамудың басымды бағыттарын айқындау,  өңіраралық байланыстарды үйлестіру және қор жүйесін жасақтау мәселелері бойынша ұсыныстарды әзірлеуге қатысады және енгізеді;

6)  облыс әкімі аппараттарымен, жергілікті уәкілетті органдармен, селолық округ әкімдерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және тұрғындармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

7) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, аудан әкімі мен әкімдігінің, аудандық мәслихаттың актілерінің жобалары бойынша ұсыныстар енгізеді;

8) аудан әкімі және оның орынбасарлары өткізетін активтерді, кеңестерді,кездесулерді, сапарларды және басқа да іс-шараларды ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, аудан әкімін, оның орынбасарлары мен аудан әкімі аппараты қызметкерлерін шаруашылық, қаржылық қамтамасыз ету мәселелерін шешеді;

9) Шыңғырлау ауданы әкімі аппараты жұмыс регламентінің сақталуын қамтамасыз етеді;

10) аудан әкімі мен оның орынбасарларының қызметін құжаттамалық қамтамасыз етуді, қызметтік құжаттарды, хаттарды, азаматтардың арыз-өтініштерін қарауды, азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастырады, келіп түсетін азаматтардың хаттары мен өтініштеріне, құжат ағынына талдау жасайды, іс жүргізуді, құпия құжаттармен жұмысты, мемлекеттік және орыс тілдерінде іс жүргізуді қолдануды жолға қояды және жетілдіреді;

11) аудан әкімінің шешімдері мен өкімдерінің, аудан әкімдігі қаулыларының сақталуын қамтамасыз етеді;

12) мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттерін сақтауын бақылауды ұйымдастырады және ішкі бақылауды жүзеге асырады;

13) облыстық және аудандық деңгейде жүргізілетін мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігін бағалау мәселелерімен шұғылданады;

14) ақпараттық технологияларды енгізу, электрондық құжат айналымы  жүйесі мәселелерімен шұғылданады;

15) аудан әкімінің номенклатурасына кіретін кадрлар бойынша ұсыныстарды зерделеу және енгізу, кадрлар резервін қалыптастыру, олардың оқуын, тағлымдамадан өтуін, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру арқылы жергілікті атқарушы билік органдарында кадр саясатын жүзеге асырады;

16) бұқаралық ақпарат құралдарында аудан әкімі мен оның орынбасарларының, аудан әкімдігінің қызметін жарықтандыруды жүзеге асырады, олармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі жүргізетін ішкі және сыртқы саясатты, аудандағы экономикалық және әлеуметтік жағдайдың жай-күйін, мәселелерді шешу жолдарын түсіндіреді;

17) аудан әкімі мен әкімдігінің құқық қорғау органдарымен ауданда заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту мәселелері бойынша өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз етеді.

17. Аудан әкімінің аппараты өзінің функцияларын жүзеге асыру үшін өз құзыры шегінде:

1) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан қажетті ақпараттарды алуға, сондай-ақ оларға орындалуы міндетті тапсырмалар беруге;

2) барлық меншік нысанды кәсіпорындардан, мекемелер мен ұйымдардан аудан әкімі аппаратының құзырына жатқызылған мәселелер бойынша қажетті ақпараттарды, құжаттарды, өзге де материалдарды, ауызша және жазбаша түсіндірмелерді сұратуға және алуға;

3) мемлекеттік органдардың иелігіндегі ақпараттық деректер қорын пайдалануға;

4) мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар және ұйымдармен аудан әкімі аппаратының құзырына жатқызылған мәселелер бойынша қызметтік хат алмасуға;

5) Президент актілерінің, Үкімет қаулыларының, әкімдік қаулыларының, аудан әкімінің шешімдері мен өкімдерінің орындалуын тексеруге, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар алуға;

6) аудан әкімдігінің отырыстарына, сондай-ақ бөлімдер, селолық округ әкімдері отырыстарына қатысуға;

7) аудан әкімі мен оның орынбасарларының тапсырмалары бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың қызметкерлерін аудан әкімі аппаратының құзырына жатқызылған мәселелерді шешуге қатысуға тартуға құқылы.

 

3. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметін ұйымдастыру

18. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне басшылықты Шыңғырлау ауданы әкімінің аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

19. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін аудан әкімі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын аппарат басшысы басқарады.

Аудан әкімі аппаратының басшысы тікелей аудан әкіміне бағынады.

Аппарат басшысы аудан әкімдігінің мүшесі болып саналады.

20. Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының басшысы өз өкілеттігін жүзеге асыру мақсатында келесідей функцияларды атқарады:

1) белгіленген лимит шегінде аудан әкімі аппаратының құрылымы мен штат кестесін, сондай-ақ оларға өзгерістерді аудан әкімдігінің бекітуіне ұсынады;

2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, селолық округ  әкімдері аппараттарының құрылымдары жобаларын ұсынады;

3) аудан әкімі аппаратының ерекше көзге түскен қызметкерлерін көтермелеу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

4) аудан әкімі аппаратының бөлімдеріне жалпы басшылық жасайды және қызметін үйлестіреді;

5) мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың орындалуын бақылайды;

6) бұйрықтар шығарады, аудан әкімі аппаратының бөлімдері туралы ережелерді, аппараттағы ішкі тәртіп ережесін, аудан әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, оның қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді, аппаратта аудан әкімі аппараты басшысының құзырына кіретін мәселелер бойынша бұйрықтар шығарады, нұсқаулықтарды бекітеді;

7) аудан әкімі мен әкімдігінің бекітуіне актілердің, ауданның тұрмыс-тіршілігіне қатысты басқа да қызметтік құжаттардың жобаларын ұсынады;

8) аппараттың шығыстар сметасын бекітеді және белгіленген смета шегіндегі ақша қаражатына иелік етеді;

9) өз өкілеттігі шегінде облыс әкімі аппаратымен, жергілікті уәкілетті органдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, аудан тұрғындарымен тұрақты байланысты және өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

10) аудан әкімі мен әкімдігінің қабылданған актілерінің, аудан әкімі мен оның орынбасарларының тапсырмаларының орындалуын бақылауды және тексеруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

11) аудан әкіміне селолық округ әкімдері аппараттарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың қызметін бағалау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

12) аудан әкімі мен әкімдігі актілері жобаларының сапалы дайындалуын бақылайды, аудан әкімі мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерінің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуіне дербес жауап береді;

13) кадр саясатының іске асырылуына жауап береді. Аудан әкімінің қарауына селолық округ әкімдері, ауданның бөлім басшылары лауазымдарына тағайындау және босату жөнінде ұсыныстар береді, кадрлар резервін жасақтайды, лауазымды тұлғаларды тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыныстар енгізеді;

14) өз өкілеттігі шегінде қызметтік құжаттарға қол қояды;

15) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді, өз өкілеттігі шегінде жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтініштерін және өзге де жүгінулерін қарайды;

16) аудан әкімі мен оның орынбасарларының тапсырмаларын орындайды;

17) аудан әкімі аппаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шаралар алады, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға дербес жауап береді;

18) басшылық жүктеген басқа да функцияларды атқарады.

21. Шыңғырлау ауданы әкімі аппараты басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

22.  Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының басшысы:

1) өз өкілеттігі шегінде селолық округ әкімдеріне, аудан әкімі аппаратының бөлім меңгерушілеріне, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың басшыларына, аудан әкімінің қарауына енгізілетін, сондай-ақ аудан әкімдігі отырыстарында қаралатын мәселелерді әзірлеу және келісу жөнінде нұсқаулар және тапсырмалар беруге;

2) селолық округ әкімдері аппараттарынан, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардан, аудан аумағында орналасқан кәсіпорындар мен ұйымдардан Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің, аудан әкімі мен әкімдігі актілерінің, аудан әкімі орынбасарларының тапсырмаларының орындалуы жөніндегі ақпараттар мен есептерді талап етуге;

3) селолық округ әкімдеріне, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдар мен мекемелерге, орындаушыларға аудан әкімінің шешімдері мен өкімдері, аудан әкімдігі қаулыларының жобаларын, іскери хаттарды енгізу тәртібіне және белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, кері қайтаруға;

4) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың тиісті жылдың аудандық бюджетінде қаралмаған қосымша қаржыландыру немесе айрықша жеңілдіктер беру мәселелері жөніндегі өтініштерін тіркеусіз кері қайтаруға;

5) ұйымдармен аудан әкімдігінің, әкімінің және аудан әкімі аппаратының қызметін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде шарттар жасасуға.

 

4. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметін қамтамасыз ету

23. Аудан әкімі аппаратына жүктелген міндеттерді орындау үшін оның құрамында бөлімдер құрылады.

24. Аппараттың бөлімдері осы Ережеге, сондай-ақ аппарат басшысы бекіткен бөлімдер туралы ережеге сәйкес негізде әрекет етеді. Әкімдік қаулылары, аудан әкімінің шешімдері мен өкімдері жобаларын әзірлеуге өзінің құзыретіне сәйкес немесе аудан әкімі аппараты басшысының тапсырмасы бойынша бөлімдердің мамандары жауапты болып табылады.

25. Бөлім меңгерушілерін, көмекші, кеңесшіні аудан әкімі заңнамада белгіленген тәртіппен қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

26. Аудан әкімі аппараты бөлімдерінің жетекшілері:

1) бөлімдеріне жүктелген міндеттердің, заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің, Үкіметі қаулыларының және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі өкімдерінің, аудан әкімі мен әкімдігі актілерінің, орынбасарлар мен аудан әкімі аппараты басшысы тапсырмаларының, аудандық мәслихаттың өз өкілеттіктері шегінде қабылдаған актілерінің жедел және нақты орындалуы үшін дербес жауап береді;

2) қызметкерлерді тағайындау, ауыстыру және босату туралы ұсыныстар енгізеді, бөлім қызметкерлері арасында міндеттерді бөледі, еңбекті ұйымдастыруды, өзара алмасушылықты, еңбек тәртібін қамтамасыз етеді, аппаратта іс қағаздарының, соның ішінде құпия іс қағаздарының қолданыстағы нұсқаулықтарға сәйкес дұрыс жүргізілуіне жауап береді;

3) өздеріне жүктелген міндеттердің орындалмағаны үшін заңнамада белгіленген тәртіппен жауап береді.

27. Аудан әкімі аппаратының қызметкерлері өздерінің міндеттерін орындау кезінде осы Ережеге сәйкес мыналарға:

1) аудан әкімдігі отырыстарына, аудан әкімі аппаратында өткізілетін кеңестерге, іс-шараларға, селолық округтер әкімдіктері,  жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың отырыстарына қатысуға;

2) аудан әкімі орынбасарларының, аудан әкімі аппараты басшысының тапсырмаларына сәйкес селолық округтер әкімдері аппараттарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, аудан аумағында орналасқан ұйымдар, мекемелер, кәсіпорындардың қызметкерлерін туындаған мәселелерді шешуге тартуға, олардан басшылықтың бекітуіне енгізілетін құжаттардың жобалары бойынша ақпараттарды, ұсыныстарды, қорытындыларды сұратуға;

3) аудан әкімі аппаратының басшысына қойылған талаптарға сай келмейтін, заңға қайшы келетін аудан әкімі мен әкімдігі актілерінің жобаларын жетілдіру үшін қайтару, аудан әкімі аппаратының құзырына кірмейтін құжаттар мен материалдарды қараусыз кері қайтару жөнінде ұсыныстар енгізуге;

4) аппарат басшысы мен оның орынбасарының тапсырмалары бойынша аудан әкімі аппаратының құзіреті шегінде басқа да қажетті өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.

28. Осы Ережеден туындайтын мәселелерді әзірлеудің және қараудың тәртібін аудан әкімі аппаратының басшысы реттеп отырады.

 

5. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің жұмыс режимі

29. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің жұмыс режимі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

 

6. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мүлкі

30. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

«Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған мемлекет берген мүліктен, негізгі қорлар мен айналым қорларынан, сондай-ақ құны теңгерімде көрсетілетін өзге де мүліктерден қалыптастырылады.

31. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

32. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

7.  «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесімен тиісті саланың уәкілетті органы арасындағы өзара қарым-қатынасы 

33. Мемлекеттік мекемені жалпы басқаруды уәкілетті орган жүзеге асырады.

34. Уәкілетті орган заңдарда белгіленген тәртіппен:

1) мемлекеттік мекемеге мүлікті бекітеді;

2) мемлекеттік мекемені ұстауға арналған сметаны (шығыстардың жоспарын) бекітеді;

3) мемлекеттік мекемеге берілген мүлікті тиімді пайдалану мен сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

4) заңдарда белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

 

8. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату

35. «Шыңғырлау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.