Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Қазақстан Республикасының салық және кеден органдарының құрылғанының 25 жылдығы құрметіне еліміздің әлеуметтік-экономика салаларының нығаюына үлес қосқан үздік салық төлеушілерді анықтау бойынша конкурстар өткізілді.

Үздік салық төлеушілерді анықтау кезінде салық төлеушінің жергілікті және республикалық бюджетке төлеген салық көлемі, салық жүктемесінің коэффициенті,  салық міндеттемелерін уақытында орындау тәртібі, орындалмаған салық міндеттемелерінің болмауы сияқты көптеген көрсеткіштері сараланды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ауданымызда түрлі шаралар көптеп өтуде. Соның бірі  аудандық білім бөлімі ұйымдастырған - «Алтын ұя» отбасылар сайысы. Отбасы құндылығын, ата-баба дәстүрін  дәріптеген, жанұя жарастығын жұртшылыққа жарқын жұмыстарымен көрсете білген сайыс Л.Қылышев атындағы орта мектепте өтті.

Бұл тәлімді шараға ауданымыздың Ащысай, Алмаз, Белогор, Қуағаш, Лубен, Тасмола, Шыңғырлау, Л.Қылышев атындағы, Амангелді және Ақсуат орта және негізгі мектептерінің өкілдері үлкен дайындықпен келіп, белсене қатысқанын айта кеткен жөн.

 «Алтын ұя» сайысы төрт кезеңнен тұрды. Алдымен отбасылар өздерін таныстырып, ыстық сәлем жолдаса, екінші «Отбасы таланты» кезеңінде шығармашылық үй тапсырмаларын көпшіліктің назарына ұсынды. Мұнан соң «Ынтымақты отбасы» бөлімінде өз тұсаукесерлерін ортаға салып, «Бақытты жанұя - бақытты ел» фотокөрмесінде өздері түсіріп алып келген фотосуреттер арқылы өз отбасыларының жетістіктері мен ерекшеліктерін көрсетуге ұмтылды.

Волейбол ойыны елімізде күрес, бокс сияқты халқымыздың оң жамбасына келетін спорт түрі болмаса да даму қарқыны жақсы өнер. Кезінде Октябрь Жарылғапов, Жәнібек Сауранбаев секілді ағаларымыз Кеңес Одағы дәуірінде-ақ бұл спорт түрінің де ұлтымызға игеруге болатын ойын түрі екенін дәлелдеген болатын. Қазіргі кездегі Қазақстан ұлттық құрамасы да (ерлер, әйелдер) әлемдік доп  додаларына қатынасып, биіктерден көрініп тұруы осының дәлелі.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылған волейбол жарысына барлық округтер қатынасты. Жаз бойы аймақтық жарыс түрінде ұйымдастырылған бұл доп дода-сының соңғы нүктесі аудан орта-лығында қойылуы тиіс болатын.

Жарыс қызықты да тартысты өтті. Спортшылардың шеберліктерінің өскені, командалардың бірлесе қимыл жасауы, алаңда бір-бірін алмастыра білуі, әр командадағы көшбасшылардың  барлығы көрініп-ақ тұрды. Бағы мен бабы келіскен төрт команда жартылай финалға шықты. Жүлделі орынға аудан әкімдігі, Алмаз, Ақбұлақ, Белогор ауылдық округтері командалары таласты. Сөз жоқ, төрт команда да мақтауға тұрарлық.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Шыңғырлау ауданында үстіміздегі  жылдың 2 қараша күні  «Қоғамдық келісім-тәуелсіздік негізі» атты аудандық қоғамдық келісім кеңесінің ІІ форумы өтті.

Форумға аудан әкімінің орынбасары Т.Каюпов, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ж.Ихсанова, «Қоғамдық келісім» КММ бас медиаторы Т.Италиева, сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары, кәсіби емес медиаторлар, жастар және БАҚ  өкілдері қатысты.

Аудандық форум барысында аудан әкімінің орынбасары Т.Каюпов, аудандық қоғамдық келісім кеңесі төрағасы С.Сәмиев аудан көлеміндегі  қоғамдық келісім кеңестері туралы баяндама жасап, 1 аудандық, 8 ауылдық қоғамдық келісім кеңестері жұмыс жасайтындығы, олардың басты мақсаты - ортақ табысты баянды етуде, алтын бесік - ауылымызды көркейтуде, адамдар арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыруда, орын алған түрлі келеңсіздіктердің, наразылықтардың алдын алуға бағытталғандығы жөнінде атап өтті.

Шыңғырлау аудандық «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» және «Шыңғырлау Жастары» ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай  жас мамандар  арасында волейболдан жарыс оздырылды. Бұл күні жарыста жас мамандардан құралған 7 команда  өздерінің бақтарын сынады.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды  «Шыңғырлау ОЖББМ»  командасы, ІІ орынды «Шилі ОЖББМ», ІІІ орынды түзету мекемелерінен босап шыққан «Пробация жастар» командалары иеленді. Бұл спорттық ойынның мақсаты: жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа тәрбиелеу арқылы олардың бос уақытын тиімді өткізу. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және  сыйлықтармен марапатталды.

Жақында аудандық спорт клубының ұйымдастырумен аудан орталығында  мерейлі және спорттық  жарыс  оздырылды.  Жарысқа қатысушылар алдында   аудандық спорт бөлімінің директоры  А.Тағаниязов және  БҚО  мүгедектер ұйымының  Шыңғырлау аудандық филиалының  төрағасы  Т.Киреев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

Аталмыш шара  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі және «мейірбандылық  күндері»  айлығына орай  мүмкіндігі шектеулі жандарға  арналған болатын. Жарыс  тоғыз құмалақ,  дойбы, шахмат және  теннистен  ұйымдастырылып, оған қатысушы-лардың барлығы  дерлік  белсенділік танытты.

Бұл күн тек қана спорттық кездесу ғана емес,   мүмкіндігі шектеулі жандардың  бір-бірімен жақын танысып, әңгімелесіп, жағдайларын сұрасуға да  мүмкіндік туғызған күн болды. Қызықты да тартысты өткен  шараның қорытындысы  бойынша  дойбыдан белогорлық Қ.Омарғалиев  - І орын, шыңғырлаулықтар:  М.Туғарисов -  ІІ орын, А.Ақбалиев - ІІІ орынды иемденсе, шахматтан алдына жан салмаған  лубендік  Д.Жарылғасов -  І орын, шыңғырлаулық А.Құрметов - ІІ орын, алмаздық К.Байтенов - ІІІ орынды қанжығаларына байлап, мерейлері асты.

Шыңғырлау ауданында облыстық Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония ұжымы концерт берді.

Ел  Тәуелсіздігінің  25 жылдығы аясында жүзеге асқан өнер кеші аудан  тұр-ғындарын аса қуант-ты. «Айналдым елім - Қазақстаным!» тақырыбындағы ұсынылған концерт аталмыш ұжымның 50 жылдық мерейлі тойына, сондай-ақ шығармашылық ұжым құрамындағы халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің 25 жылдығы мерекесімен де ұштасып отыр. Тұрғындар разылығында шек жоқ. Түрлі ұлт билері сахнаны сәнге бөлеп, орыс, татар халқының әндерін көрермендер қосыла шырқаған тамаша тарту болды.